2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 110 мың теңгеге дейін көтеріліп, шағын және микробизнесті тексеруге үш жылдық жаңа мораторий енгізілмек. Үкімет отырысында Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауын жүзеге асыруға арналған шаралар кешенін Ұлттық экономика министрлігі ресми түрде таныстырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шағын бизнеске үшжылдық мораторий
Кәсіпкерлік саласында әкімшілік қысымды азайту мақсатында жаңа жеңілдіктер қарастырылуда. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мемлекеттік органдардың негізсіз тексерулерін шектеу бойынша нақты заңнамалық қадамдар қолға алынатынын мәлімдеді.
«Құрылтай депутаттарымен бірлесіп, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро- және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге және профилактикалық бақылауға үш жылдық мораторий енгізу мәселесі қаралады. Бұдан басқа, бизнесті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларына тарту тәсілдері жетілдіріледі», – деп атап өтті бірінші вице-министр.
Сонымен қатар орта бизнестің аяғынан нық тұруы үшін ұзақмерзімді қаржыландыру мен өндірісті технологиялық жаңғырту тетіктерін қамтитын арнайы даму жоспары әзірленбек.
Нақты табыс пен бағаны қадағалау саясаты
Ең төменгі жалақының өсімі халықтың сатып алу қабілетіне тікелей әсер етуі тиіс. Министрлік азаматтардың нақты табысын тек айлықты өсірумен ғана емес, инфляцияны жүйелі түрде ауыздықтау және экономикалық өсімді сапалы ету арқылы демеуді көздеп отыр.
Осы мақсатта коммуналдық сала мен қызмет көрсету нарығындағы бағаны реттеу үшін тарифтік саясат барынша қатаңдатылады. Тарифтердің негізсіз өсуіне тосқауыл қою қарапайым отбасылардың қолына тиетін 110 мың теңгенің құнсызданып кетпеуіне септігін тигізуі қажет.
Салық кодексі және ірі капиталға қойылатын талап
Экономикалық саясаттың келесі маңызды бағыты – салық заңнамасына түзетулер енгізу. Үкімет бизнес өкілдерінен түскен ұсыныстарды ескере отырып, Салық кодексіне өзгерістер топтамасын қалыптастырды.
Бұл ретте ірі дәулет пен аса ауқымды активтерге ие кәсіпкерлер үшін жоғарылатылған салық мөлшерлемесін бекіту тетіктері халықаралық тәжірибеге сүйене отырып қарастырылады. Жаңа тәсіл салық жүйесіндегі әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етіп, табысы аса жоғары топтардың қазынаға лайықты үлес қосуын міндеттемек.
Ауқымды құрылыс және Инфрақұрылымдық даму қоры
Экономиканың күретамыры саналатын энергетикалық, жол және логистикалық жүйелерді қалпына келтіру үшін қаржыландырудың жаңа көзі пайда болды. Ведомство өкілі құрылыс пен жаңғырту процестерінің кезең-кезеңімен қарқын алатынын жеткізді.
«Жолдау аясында Мемлекет басшысы инфрақұрылымның “ауқымды құрылысы” бағытын белгіледі. Ол үшін Инфрақұрылымдық даму қоры құрылды», – деп нақтылады Азамат Әмрин.
Жаңа қордың құрылуы тозығы жеткен жылу станциялары мен су және көлік инфрақұрылымын жедел жаңартуға қосымша инвестиция тартуға жол ашады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







