АҚШ-тың аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасы (NASA) келесі жылы өтетін Artemis III сынақ миссиясының егжей-тегжейін жариялады. Ғарыш агенттігі Илон Масктың SpaceX және Джефф Безостың Blue Origin компаниялары әзірлеп жатқан Айға қону аппараттарын Жерге жақын орбитада тікелей сынақтан өткізуге дайындалып жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ғарыштағы бәсеке және жаңа мерзім
NASA басшысы Джаред Айзекман баспасөз мәслихатында ғарышкерлердің 2028 жылы Ай бетіне қонуына жол ашатын негізгі сынақтан бас тартпайтынын мәлімдеді. Ведомство астронавтарды Orion кемесінен Ай бетіне жеткізетін аппараттарды дайындау үшін екі алпауыт жеке компаниямен миллиардтаған долларлық келісімшарт бекіткен.
«Көбірек уақыт пен қаражат бөлу немесе ұшу санын азайту жұмысымызды қауіпсіз әрі қолжетімді етеді деп өзімізді алдамауымыз керек. Әрбір мердігер мен серіктес кесте бұзылған сәтте NASA өкілдері құжат жазып немесе комитет жинап бақылау үшін емес, білек сыбана мәселені шешу үшін есік қағатынын түсінуі тиіс», – деді NASA басшысы Джаред Айзекман.
NASA 2027 жылға жоспарланған Artemis III миссиясын бастапқы жоспардан өзгертті. Сынақ Ай маңында емес, Жерден бірнеше жүз шақырым биіктіктегі төменгі орбитада өткізіледі. 14 күнге созылатын бұл сапарға төрт ғарышкер аттанады. Экипаж құрамында америкалық ғарышкерлер Рэнди Брезник, Андре Дуглас, Фрэнк Рубио және Еуропа ғарыш агенттігінің астронавты Лука Пармитано бар.
Үш алып зымыран және орбитадағы түйісу
Миссия аясында үш алып зымыранды қатар ұшыру көзделген: агенттіктің SLS зымыраны Orion кемесін орбитаға шығарса, SpaceX өзінің Starship жүйесін, ал Blue Origin компаниясы New Glenn зымыранымен Blue Moon Mark 2 қону аппаратын жібереді. Ғарышкерлер төменгі орбитада қос аппаратпен де кезек-кезек түйісу жаттығуларын орындайды.
«Бұл, сірә, адамзат тарихындағы ең күрделі ұшыру кампаниясы болмақ», – деп атап өтті NASA-ның Artemis бағдарламасының менеджері Джереми Парсонс.
Аталған сынақ Artemis IV миссиясында Айға қай компанияның аппараты қонатынын айқындауға көмектеседі. Қазіргі уақытта агенттік SpaceX-ке де, Blue Origin-ге де нақты артықшылық берген жоқ. Жүйесі бұрын дайын болған компания адамзатты жарты ғасырдан кейін Ай бетіне жеткізу құқығына ие болмақ.
Қатерлер мен дайындық барысы
Дегенмен мамандар кестенің тым тығыз екеніне алаңдаушылық білдіріп отыр. Екі компанияның да аппараттары әлі адаммен ұшып көрмеген, әрі экипажы бар кемемен орбитада түйіспеген. Сонымен қатар SpaceX Айға жету үшін Starship аппараттары арасында орбитада жанармай құю технологиясын сынауы қажет.
NASA-ның бас инженері Амит Кшатрия жылдам әрекет ету қауіпсіздікке нұқсан келтірмейді деген сенімде. Ғарыш мекемесі тәуекелдерді сараптай отырып, 2028 жылғы негізгі мақсатқа жету үшін дайындықты жеделдетпек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







