Оңтүстік Кореяның құқық қорғау органдары Tesla электромобильдеріне заңсыз модификация орнатып, көлікті толық автопилот жүйесіне (Full Self-Driving – FSD) рұқсатсыз қосқан жүргізушілерге қарсы ауқымды операция жүргізді. Сеул полициясы ресми қауіпсіздік сертификаты жоқ көліктердің жүйесін бұзған 80 адамды ұстап, істі прокуратураға жолдады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілерге көлік құралдары туралы заңнаманы бұзды деген айып тағылып отыр. Тәртіп сақшылары тексеру барысында заңсыз қосылған 21 электронды құрылғыны тәркіледі.
Шектеуді айналып өтуге не себеп болды?
Оңтүстік Корея заңнамасына сәйкес, қазіргі уақытта Tesla автопилотын тек АҚШ-та құрастырылған Model S, Model X және Cybertruck үлгілеріне ғана заңды түрде пайдалануға рұқсат етілген. Бұл екі ел арасындағы еркін сауда келісімінің талаптарымен байланысты. Ал жергілікті нарықта ең көп сатылатын Model 3 және Model Y көліктері Қытайдағы Giga Shanghai зауытынан импортталады.
Қытайда шығарылған бұл модельдер Оңтүстік Кореяда ресми қауіпсіздік сертификатын әлі толық алмаған, сондықтан оларда FSD бағдарламасы зауыттық деңгейде бұғатталған. Елдегі 230 мыңнан астам Tesla көлігінің 20 пайыздан сәл астамына ғана автопилотты қолдануға рұқсат бар. Көптеген иелер бұл шектеуді күткісі келмей, заңсыз бағдарламалық амалдарға жүгінген.
20 долларлық микрочип және құпия қауымдастық
Күдіктілер көліктің ішкі электронды желісіне (CAN bus) арнайы модульдерді жалғау арқылы аймақтық шектеуді бұзған. Осындай құрылғылар Қытай мен Еуропа елдерінен тапсырыспен алдырылған. Тіпті кейбір микрочиптердің құны 20 доллардан аспайтын қарапайым микроконтроллерлер негізінде жасалғаны анықталды.
Жүйені бұзу нұсқаулығы әлемдік желідегі ашық дереккөздер мен GitHub платформасындағы бағдарламашылардың коды арқылы тараған. Күдіктілердің арасында ақпараттық технологиялар саласының маманы да бар. Ол дайын құралды сатып алмай, шетелдік форумдардағы мәліметтер бойынша құрылғыны өзі құрастырып шыққан. Жүргізушілер жабық желілік топтарда жиналып, автопилот қосылғаны туралы мәліметтерді Tesla серверлері мен құзырлы органдардан қалай жасыру керегі жөнінде кеңес алмасып отырған.
«Мұндай жабдықтар өндірушінің ресми тексеруінен өтпегендіктен, жүйе жол жағдайын дұрыс бағаламауы немесе жүргізушінің қалауына бағынбай, ауыр апатқа себеп болуы мүмкін», – деп ескертті полиция өкілдері.
Күдіктілерді қандай жаза күтіп тұр?
Көліктің қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін бағдарламалық жасақтаманы өз бетінше өзгерту ауыр құқықбұзушылық саналады. Оңтүстік Кореяның Автомобильдерді басқару туралы заңына сәйкес, бұл әрекетке барғандарға екі жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 20 миллион вонға (шамамен 15 мың АҚШ доллары) дейін айыппұл салу жазасы қарастырылған.
Сонымен қатар заңсыз модульдерді орнату көліктің ресми кепілдігін толықтай жояды. Өндіруші мұндай бұзушылықтарды қашықтан анықтаған жағдайда, электромобильдің бағдарламалық функцияларын автоматты түрде өшіріп тастауы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







