Дүниежүзінде баламалы энергетика инфрақұрылымына салынып жатқан инвестициялар таза қуат өндірісін едәуір ұлғайтты. Соның арқасында жасыл энергия қарапайым тұтынушылар мен бизнеске кеңінен таралып, өзіндік құны да біртіндеп төмендеп келеді. Күн сәулесі жел мен суға қарағанда барлық өңірде қолжетімді ресурс болғандықтан, көпшілік дәл осы көзді ең арзан деп есептейді, алайда соңғы халықаралық сараптамалар бұл түсініктің қате екенін көрсетеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жел мен күн қуатының нақты құны қандай?
Our World in Data (OWID) халықаралық зерттеу ұйымының жаңа электр станцияларының бағасын өлшеген есебіне сүйенсек, қазіргі уақытта электр өндірудегі ең арзан көз – құрлықтағы жел энергетикасы болып тұр.
Our World in Data мәліметінше, жаңа станцияларда құрлықтағы жел қуатының бір мегаватт-сағаты орта есеппен 49 доллар тұрады, ал күн энергиясының құны 60 долларды құрайды.
Дәстүрлі қазба отындары арасында ең арзан саналатын ресурс – біріктірілген циклді газ кешендерінің қуаты. Мұндай турбиналы генераторлардың электр бағасы мегаватт-сағатына 74 доллар шамасында. Ал көмірден өндірілетін қуат 115 долларға жетсе, желідегі жүктеме шарықтағанда қосылатын газ станцияларының энергиясы 165 долларға дейін қымбаттайды.
Он бес жылдағы күрт құлдырау
Сарапшылар соңғы 15 жыл ішінде энергия бағасының динамикасын да есептеп шықты. Бұл аралықта қуат көздерінің барлығында дерлік баға төмендеген, бірақ жаңартылатын энергетика секторы қарқын жағынан көш бастады.
2009 жылы жел энергетикасының мегаватт-сағаты 186 доллар, ал күн панельдері арқылы өндірілген қуат 496 доллар болған. Осылайша, қысқа уақыт ішінде жел энергиясының өзіндік құны 74 пайызға, ал күн қуаты бірден 88 пайызға арзандады.
Жасыл сектордың арзандау себебі неде?
Жаңартылатын қуат нысандары салынғаннан кейін оларды пайдалану мен күтіп-ұстау шығыны аз болады. Көмір немесе газ станцияларына үнемі шикізат өндіру, сатып алу және тасымалдау қажет болса, табиғи ресурстар отынды тегін әрі үздіксіз жеткізіп береді.
Технологияның даму тарихы да маңызды рөл атқарды. Алғаш рет 1950 жылдары шыққан фотоэлектрлік элементтер өте қымбат еді. Алайда ғарыштық жерсеріктерді қуаттау қажеттілігі осы саладағы ғылыми зерттеулерді тоқтатпауға негіз болды. Нәтижесінде құрылғылар арзандап, тиімділігі мен сенімділігі артты.
Соңғы жылдардағы серпілісті көбіне Қытай экономикасы қамтамасыз етуде. Мемлекет қажетті бөлшектер мен жабдықтарды жаппай өндіріп қана қоймай, жасыл энергияның аса үлкен инфрақұрылымын құрды. Қазір тіпті игерілмей, босқа кетіп жатқан артық қуат көлемі де баршылық. Бұл желілерді жаңартуды және энергия сақтау мүмкіндігін арттыруды қажет етеді.
Арзан энергия климаттық түйткілді шеше ме?
Сарапшылардың пікірінше, жасыл тарифтердің арзандауы ғаламдық климат мәселесін өздігінен толық реттей алмайды. Басты кедергі – жер шарында электрге деген жалпы сұраныстың жыл сайын еселеп өсуі.
«Жаңартылатын қуат құны арзандағанымен, әлемде электрге сұраныс қарқынды өсіп келеді. Жасанды интеллект деректер орталықтары мен суперкомпьютерлер қажет ететін үлкен көлемдегі энергияны әзірге қазба отындары жауып отыр».
Бұған Қытайдың мысалы дәлел бола алады. Жасыл бастамаларға қыруар қаражат бөлгенімен, аталған ел өзге мемлекеттердің барлығын қосқандағыдан көп көмір жағып келеді. Жасанды интеллект деректер орталықтары мен есептеуіш кешендер қуатты көп қажет еткендіктен, қолжетімді қазба байлықтарына сұраныс жоғары күйінде қалып отыр. Сондықтан таза энергетикаға көшу үшін тек тарифті түсіру жеткіліксіз, сақтау қоймалары мен инфрақұрылымды қатар жетілдіру маңызды болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






