Интернеттегі жеке ресурстардың бірінде өзінің аты-жөні мен жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) көріп қалған қазақстандық желіде дабыл қақты. Ол аталған мәліметтерді жариялауға ешқандай келісім бермегенін айтып, коммерциялық порталдардың мұндай әрекеті қаншалықты заңды екеніне назар аудартты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жеке сайттар мемлекеттік деректер базасынан ақпарат алып, оны өз платформасына рұқсатсыз жариялай ала ма деген мәселе көпшілікті алаңдатып отыр. Заңгерлер мен ресми органдардың түсіндіруінше, жауап адам туралы деректердің қандай мәртебеде жарияланғанына тікелей байланысты.
Кәсіпкердің мәліметі неге ашық тұруы мүмкін?
Әлеуметтік желіде шағымданған азаматша сайт әкімшілігіне хабарласқан кезде, деректер мемлекеттік ресурстардан алынды деген жауап естіген. Кейіннен аталған платформа өкілдері тек заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер туралы мәліметтерді Мемлекеттік кірістер комитетінің ашық сервистерінен алып жариялайтынын жеткізді.
«Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заң талаптарына сәйкес, кәсіпкерлік қызметке тікелей қатысы бар мәліметтерді бизнес-серіктестер тізілімін қалыптастыру үшін адамның жеке келісімінсіз-ақ пайдалануға рұқсат беріледі.
Заң талабы бойынша, мемлекеттік жүйелер мен ашық дереккөздердегі кәсіпкерлерге қатысты ақпаратты пайдалануға болады, алайда оны жинау мен өңдеу әрдайым дербес деректерді қорғау заңнамасына толық сай келуі тиіс.
Ашық деректерді кез келген мақсатта пайдалануға болмайды
Мәліметтің ашық көздерде болуы жеке компанияларға оны қалаған мақсатына шектеусіз қолдануға құқық бермейді. Мәселен, Ұлттық статистика бюросы шағымға іліккен сайтпен арада ешқандай интеграция немесе деректер беру туралы келісім жоқ екенін нақтылады. Мекеме бұл ресурсқа кәсіпкерлер тізімін арнайы таратпайды.
Статистика бюросы қазіргі уақытта БСН немесе ЖСН бойынша жеке кәсіпкерлер мен ұйымдарды іздеу сервисін тек жеке кабинетте авторизациядан өткен пайдаланушыларға ұсынады. Сол себепті ақпараттың қайдан алынғаны ғана емес, коммерциялық сайттың оны қандай мақсатпен өңдеп, кімге қолжетімді еткені ерекше маңызға ие.
Азамат жеке кәсіпкер болмаса ше?
Қарапайым жеке тұлғаның мәліметтеріне қатысты талап әлдеқайда қатаң. Жалпы ережеге сай, азаматтың дербес деректерін жинау және өңдеу тек оның тікелей келісімімен жүргізілуі шарт. Заңда көрсетілген арнайы ерекшеліктер болмаса, басқаша әрекет етуге тыйым салынады.
Кәсіпкер ретінде тіркелмеген азаматтың аты-жөні мен ЖСН нөмірін коммерциялық платформаларға орналастыруды бизнес-серіктестер тізілімі ережесімен ақтауға болмайды. Мұндай жағдайда сайт иесі деректерді жариялаудың бөлек заңды негізін көрсетуге міндетті.
Сайттың ЖСН-ді қайдан алғанын қалай анықтауға болады?
Заңның 24-бабы әрбір адамға өз дербес деректерін пайдаланып отырған база иесінен немесе оператордан есеп талап ету құқығын береді. Осы орайда кез келген азамат сайт әкімшілігінен мынадай ақпаратты сұрата алады:
— мәліметтің қай дереккөзден алынғанын;
— деректерді жинау мен өңдеудің нақты мақсатын;
— ақпаратты алу тәсілдерін;
— сақтауда тұрған мәліметтердің толық тізбесін;
— деректерді өңдеу мен сақтаудың мерзімін.
Қолданыстағы тәртіп бойынша, ресурс операторы сұраныс түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде толық мәлімет беруі немесе дәлелді бас тарту жауабын жолдауы тиіс.
Деректерді өшіруді талап ету жолдары
Жеке мәліметтер заң талаптарын бұза отырып жиналса немесе таратылса, азамат оны дереу бұғаттауды және базадан өшіруді талап етуге толық құқылы.
Дербес деректерді өңдеу ережелеріне сәйкес, заңсыз жиналған немесе өңделген ақпарат адамның талап етуі бойынша өшірілуі тиіс, сондықтан алдымен сайт иесіне ресми сауал жолдау қажет.
Мамандар желіден өз деректерін байқаған бойда парақшаның скриншотын жасап, дәлелдерді сақтап алуға кеңес береді. Содан соң интернет-ресурстың байланыс мекенжайына мәліметтерді жою туралы жазбаша өтініш жіберген абзал.
Егер сайт жауапсыз қалса, ақпараттың қайдан келгенін түсіндірмесе немесе өшіруден бас тартса, eOtinish бірыңғай платформасы арқылы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне қарасты Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне жүгінуге болады. Шағымға сайт парақшаларының скриншоттары мен хат алмасу дәлелдерін қоса тіркеу қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







