Кілтсіз кіру жүйесімен жабдықталған заманауи көлік иелері жоғары технологиялық ұрлық қаупіне тап болып жатыр. Қаскөйлер автокөлікке физикалық зақым келтірмей, арнайы құрылғылар көмегімен көлікті бір минуттың ішінде айдап әкететін тәсілді меңгеріп алған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бүгінде жаңа машиналардың басым бөлігінде кілтсіз есік ашу және қозғалтқышты түйме арқылы іске қосу мүмкіндігі бар. Жүргізуші кілтті қалтасынан шығармай-ақ көлікті аша алады. Алайда осы ыңғайлы технология автоұрылар үшін үлкен олжаға айналды.
Қылмыскерлер релелік шабуылды қалай жүзеге асырады?
Қазіргі таңда қаскөйлер көлік әйнегін сындырудың орнына «релелік шабуыл» (relay attack) деп аталатын әдісті қолданады. Бұл тәсілде ұрылар екі адамнан тұратын топпен әрекет етеді және арзан бағалы сигнал күшейткіш құралдарды пайдаланады.
Бірінші қаскөй арнайы ретрансляторды ұстап көліктің жанында тұрады. Екіншісі үйдің кіреберісіне немесе терезе түбіне релелік күшейткішпен жақындайды. Құрылғы үйдегі үстелде немесе дәлізде жатқан кілт-брелоктың әлсіз радиожиілігін тауып алады.
Релелік шабуыл кезінде көлік әйнегін шағудың немесе құлыпты бұзудың қажеті болмайды. Барлық әрекет 60 секундтан аз уақыт ішінде тыныш орындалып, дабыл қағылмайды.
Күшейтілген сигнал автокөліктің қасында тұрған серіктесінің құрылғысына беріледі. Автокөліктің борттық компьютері иесі дәл қасында тұр деп қабылдап, есік құлпын ашады. Ұрылар салонға кіріп, түймені басып, көлікті оталдырып алып кете береді.
Дабыл қосылмайды, із қалмайды
Мұндай қылмыстың басты қаупі – көлік жүйесі оны заңды кілтпен ашылды деп есептейтіндіктен, дабыл дыбысы шықпайды. Кейбір топтар бұдан бөлек «код-граббер» құрылғыларын қолданады. Бұл аппараттар жүргізуші машинадан ұзаған сәтте кілт жіберетін радиосигналды көшіріп алып, кейін өздері пайдаланады.
Осы мәселенің салдарынан бірқатар ірі автоөндірушілер дәстүрлі кілт-брелоктардан бас тартып, ультракең жолақты (UWB) технологияға негізделген сандық кілттерге көшуге кірісті.
Қауіптен қалай сақтануға болады?
Мамандар кілтсіз басқару жүйесі бар көліктерді қорғаудың қарапайым әрі тиімді жолдарын ұсынады. Олардың ішіндегі ең қолжетімдісі – Фарадей қапшығын (Faraday pouch) пайдалану. Бұл арнайы қаптар металл тордан жасалғандықтан, радиосигналдарды сыртқа өткізбей тұрады. Үйге келгенде кілтті осы қапқа салып қойса, қаскөйлер оның сигналын ұстай алмайды.
Сонымен бірге кейбір заманауи брелоктарда радиосигнал таратқышты уақытша өшіретін ұйқы режимі бар. Мұндай функцияны батырмаларды белгілі бір ретпен басу арқылы іске қосуға болады. Қосымша ретінде көлікті жабық гаражға қою немесе механикалық құлыптарды қатар қолдану қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай арттырады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







