Қазақстан мектептерінде оқушылардың жазбаша сауаттылығы мен тіл байлығын дамыту үшін екінші сыныптан бастап диктант, мазмұндама және шығарма жазу міндетті түрде қайта енгізіледі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Оқу-ағарту министрлігі дәстүрлі жазба жұмыстарын қайта жаңғырту арқылы балалардың байланыстырып сөйлеу, ойын қағаз бетіне жүйелі түсіру қабілетін түзеуді көздеп отыр.
Дәстүрлі жазба жұмыстары не үшін қайтарылды?
Оқу бағдарламасына енгізілетін өзгерістер бастауыш сыныптардан бастап жоғары буынға дейінгі жазбаша сауаттылықты қамтиды. Ұзақ жылдар бойы қолданыстан шығып қалған диктант пен шығарма енді әр тоқсан сайынғы бағалаудың ажырамас бөлігі болмақ.
Министрлік өкілдері дәстүрлі тәсілдердің баланың ой-өрісін дамытудағы рөлін қайта бағамдап, оқу үдерісін түзеу қажеттігін алға тартты. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жаңа оқу талаптарының мақсаты мен мәнін нақты түсіндіріп өтті.
«Оқушылардың білім деңгейін жан-жақты бағалау және функционалдық сауаттылығын арттыру мақсатында мазмұндама, шығарма және диктант жазу қайта енгізіледі. Бұл өзгерістер оқушылардың тілдік дағдыларын дамытуға және ойлау қабілетін жетілдіруге бағытталған», – деді министр.
Жаңа тәртіп бойынша мұғалімдер оқушылардың жұмыс дәптерлерін бұрынғыдай үнемі тексеріп, грамматикалық, пунктуациялық қателермен жұмыс істеуге міндеттеледі.
Он жылдық реформаның кері салдары
Осыдан он шақты жыл бұрын енгізілген «Жаңартылған білім мазмұны» реформасы кезінде дәстүрлі шығарма мен диктант жазу бағдарламадан шеттетілген еді. Оның орнын дайын жауапты белгілейтін тестілер, бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалаудың (ТЖБ) қысқа тапсырмалары басты.
Салдары ұзақ күттірген жоқ. Мектеп қабырғасында жүріп көлемді мәтін оқымаған, жүйелі ой қорытып жазбаған оқушылардың функционалдық сауаттылығы күрт төмендеді. Бүгінгі жасөспірімдердің еркін сөйлеп, ана тілінде сауатты сөйлем құрауы мұңға айналды. Педагогтер мен тіл мамандары дабыл қағып, балалардың қарапайым ережелерді білмейтінін, қағазға ойын жеткізе алмайтынын жиі көтере бастады.
Эксперименттерден шаршаған ұрпақ
Диктант пен шығарманың қайта оралуы — мемлекеттің миллиардтаған қаржы шығындаған өткен реформаларының қателігін үнсіз мойындауы іспетті. Он жыл бойы шетелдік стандарттарды көшіріп, бағалау жүйесін сан рет құбылтып, ұлттық мектептің классикалық қағидаларын жоққа шығарған шенеуніктер айналып келіп кеңестік әдістемеге қайта жүгінді.
Отандық білім жүйесінің басты дерті — әр келген министрдің өзінше жаңалық ашып, мектепті эксперимент алаңына айналдыруында. Мұғалімдер мен ата-аналар толассыз өзгерістерден әбден қажыған. Бір министр емтиханды алып тастаса, екіншісі оны қайтарады; біреуі қағаз дәптерді жауып тастаса, келесісі қайта ашуды талап етеді.
Әрине, диктант пен шығарма жазу — жас ұрпақтың сауаттылығын арттыруға аса қажет құрал. Алайда оқулықтардың сапасы сын көтермейтін, мұғалімдер есеп беруден көз ашпайтын және баланың назарын гаджеттер толық жаулап алған заманда бұрынғы дәстүрді жай ғана қағаз жүзінде қайтара салу мәселені түбегейлі шеше алмайды. Бұл бастама кезекті бір науқанға айналмай, мектептегі білім сапасын шынайы көтеретін терең жүйелі жұмыспен ұштасуы тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







