Солтүстік Ирландия аумағындағы шымтезек батпағынан табылған, екі мың жыл бойы сақталған ежелгі адам мүрдесіне жүргізілген сот-медициналық және археологиялық зерттеу оның темір дәуірінде өмір сүрген жас әйелге тиесілі екенін және салттық құрбандық кезінде басы кесілгенін көрсетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тарихта «Баллимакомбс Мор әйелі» деген атаумен қалған жәдігер 2023 жылдың күзінде Белфасттан солтүстік-батысқа қарай орналасқан Беллаги елді мекенінің маңында шымтезек өндірушілер жұмыс істеп жатқан кезде кездейсоқ табылды. Солтүстік Еуропаның батпақты сулы жерлеріндегі суық әрі қышқылды орта табиғи мумиялануға жол ашып, адамның сүйектерімен бірге терісі, тырнақтары және тіпті ішкі органдарының бірі — бүйрегі ерекше сақталып қалған.
Заманауи тергеу форматындағы ғылыми сот
Белфасттағы Ольстер мұражайында осы тарихи іске байланысты ерекше қоғамдық жиын өтті. Оны Солтүстік Ирландияның аға коронері Джо Маккрискен қазіргі заманғы коронерлік тергеу үлгісінде өткізді. Оған археологтар, биологтар, тоқыма мамандары мен криминалистер қатысып, барлық ғылыми сараптамалардың қорытындысын баяндады.
Бұл зерттеудің мақсаты ежелгі өткенге заманауи заң үкімін шығару емес екенін коронер Джо Маккрискен ашып айтты.
«Бұл шараның негізгі мақсаты — өткенге қазіргі заң тұрғысынан үкім кесу емес, жиналған айғақтарды жүйелеп, бұрын белгісіз болып келген жас қыздың өмір тарихын оқырманға жеткізу. Бізден жиырма ғасыр бұрын өмір сүрсе де, ол өз қауымының бір бөлшегі болды», – деп түсіндірді коронер.
«Беллаги баласынан» темір дәуірінің беделді әйеліне дейін
Алғашқы қазба жұмыстары кезінде сарапшылар қалдықтар 13 пен 17 жас аралығындағы бозбалаға тиесілі деп болжап, оған шартты түрде «Беллаги баласы» деп ат қойған еді. Алайда Ұлыбритания, Ирландия және Дания ғалымдарының радиокөміртекті талдауы, микро-КТ сканерлеуі мен ДНҚ сынамалары бұл көзқарасты түбегейлі өзгертті. Сүйек қалдықтары біздің дәуірімізге дейінгі 343 пен 1 жылдар аралығында өмір сүрген, жасы 15 пен 22 шамасындағы бойжеткенге тиесілі болып шықты.
Мойын омыртқасындағы іздер бойжеткеннің өткір жүзді құралмен артқы жағынан қасақана шабылғанын көрсеткен. Қазба орнынан бас сүйегі табылмағандықтан, басы шабылғаннан кейін дененің өзі ғана батпаққа көмілген деген байлам жасалды.
Әйелдердің қауымдағы орны және салттық рәсім
Манчестер университетінің археологы және темір дәуірінің маманы, профессор Мелани Джайлстың айтуынша, сол кезеңдегі Ирландияда адамдарды дәстүрлі түрде жерлеу өте сирек кездесетін.
«Біз темір дәуірі қоғамында әйелдердің, тіпті осындай жас кезінің өзінде өте үлкен бедел мен билікке ие болғанын жақсы білеміз. Оның бұл тағдыры бізге Еуропаның солтүстік-батысындағы кең таралған салттық құрбандық дәстүрлерін тереңірек ұғынуға жол ашады», – деді профессор Мелани Джайлс.
Солтүстік Ирландия ұлттық мұражайларының кураторы Ханна Кроуди мұндай батпақ денелері арасында әйелдердің табылуы аса сирек оқиға екенін жеткізді. Оның сөзінше, бұл аймақ тарихындағы осы тектес ең алғашқы әрі қайталанбас олжа. Мұражай басшылығы этикалық ұстанымдарды негізге алып, ежелгі қыздың тәнін ашық көрмеге қоймау туралы шешім қабылдады. Оның орнына жергілікті тұрғындар «Айне» деп ат қойған қыздың тағдыры көркемсурет пен әдеби туындылар арқылы таныстырылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







