Әлемге танымал ғылыми бейне және микрофотография байқауы саналатын «Nikon Small World in Motion» ұйымдастырушылары биылғы жеңімпазды бас жүлдесінен айырды. Мұндай қатаң шешімге автордың конкурстық жұмыста генеративті жасанды интеллект құралдарын пайдаланғаны туралы ғылыми қауымдастықтың сыны түрткі болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ғалымдар күмәнданған бейнежазба
Қыркүйек айында байқау қазылары оптика саласының зерттеушісі Нин Сюйдің ұсынған бейнематериалын бірінші орынға лайық деп тапқан еді. Жұмыста тыныс алу жолдарының сирек кездесетін генетикалық дертіне шалдыққан баланың жасушалық кірпікшелерінің микроскоп астындағы қозғалысы көрсетілген болатын. Алайда бейнежазба жарияланғаннан кейін сала мамандары оның шынайылығына шүбә келтіре бастады.
Лестер университетінің ғалымы, аталған дертке 20 жыл бойы диагноз қойып келе жатқан Роберт Хёрст бұл кадрлардың қолдан жасалғанын бірден аңғарғанын жеткізді.
«Мен цилиарлы дискинезия дертіне шалдыққан науқастардың кірпікшелерінің толқын пішінін, ұзындығын, жасуша өлшемі мен түрін зерттеу арқылы 20 жылдан бері диагноз қойып келемін. Бейнежазбадағы жасушалар шынайы науқастардағы жасушаларға мүлде ұқсамайды», – деді Роберт Хёрст.
Флорида университетінің маманы Эдвард Фелпс те жазбада кейбір элементтердің биологиялық заңдылыққа қайшы пайда болып, жоғалып кететінін байқаған. Көп ұзамай сарапшылар кадрлардан Google компаниясы жасанды интеллект арқылы өңделген туындыларға енгізетін жасырын SynthID сутаңбасын тапты.
Автордың уәжі мен Nikon шешімі
Зерттеуші Нин Сюй материалды өңдеу барысында нейрожеліні қолданғанын мойындады. Оның айтуынша, технология тек сұр реңкті деректерді айқындау мен бояуға ғана жұмсалған, ал микроскоптағы қозғалыс жасанды түрде жасалмаған. Дегенмен конкурс талаптарында генеративті жасанды интеллект арқылы жасалған бейнелерге қатаң тыйым салынғаны анық көрсетілген.
Ұйымдастырушылар мен қазылар алқасы ұсынылған дәлелдерді қайта зерттеп, ереженің бұзылғанын ресми түрде растады. Нәтижесінде бірінші орыннан айырылған бейнежазба тізімнен шығарылып, жаңа жеңімпаз ретінде микроскоп арқылы дөңгелек құрт пен қарапайым жәндікті түсірген Нгуен Нам Ньят жарияланды.
Ғылымдағы сенім және жаңа сынақ
Nikon өкілдері бұл қадам қатысушының кәсіби беделіне немесе ғылыми жетістігіне күмән келтіру емес, тек байқау ережесінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жасалғанын хабарлады. Сонымен бірге компания нейрожелілердің жедел дамуы жаңа сынақтар туғызып отырғанын және алдағы байқауларда іріктеу тәртібі қайта қаралатынын мәлімдеді.
Сарапшылар мұндай келеңсіздіктер микроскопия саласындағы этика мен деректердің нақтылығына үлкен талап қоятынын айтады. Квинсленд университетінің ғалымы Мелани Уайт ғылымдағы бейнелеудің негізі сенімде жатқанын ерекше атап өтті.
«Біз көріп отырған нәрсенің өлшеу нәтижесінде алынған нақты ғылыми деректерге негізделгеніне толықтай сенімді болуымыз қажет», – деп атап өтті ғалым Мелани Уайт.
Мамандар бұл оқиғаны жай ғана байқау дауы емес, ғылыми зерттеулерде жасанды интеллектінің шекарасын белгілейтін маңызды талқылаудың бастауы деп бағалап отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







