Қызылорда облысы Қармақшы ауданында кәмелетке толмаған қыз баланы бірнеше жыл бойы ұйықтататын дәрі беріп, зорлап келген 58 жастағы ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жәбірленушінің өгей әкесіне туыс болып келетін күдіктінің жантүршігерлік әрекеті қоғамды дүр сілкіндіріп, ауылдағы жауапты мамандардың салғырттығын тағы бір мәрте әшкереледі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Дәрі беріп есінен тандырған: сұмдықтың мән-жайы
Жәбірленуші оқушының айтуынша, қаскөй оған ұйықтататын әсері бар белгісіз дәрілерді ішкізіп, есінен танған сәтін пайдаланып, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсетіп келген. Алғашқы оқиға ер адамның автокөлігінде басталған, кейіннен күдікті үй ішіндегі дәрменсіз күйді пайдаланып, арам пиғылын бірнеше мәрте қайталаған.
Жантүршігерлік жайттың ең сорақы тұсы – бұл қорлықтың бірнеше жылға созылуы. Қыз баланың психологиялық қысым көріп, ұзақ уақыт бойы өз үйінде қауіпсіздікте болмауы отбасылық ортадағы қатал шындықты паш етті.
Дереккөздердің хабарлауынша, отбасы ішіндегі кейбір жақындары ұятқа қаламыз деген желеумен болған сұмдықты ұзақ уақыт сыртқа шығармай, жасырып келген.
Полицияның араласуы және тергеу барысы
Оқиға мәліметтері ашыққа шыққан соң құқық қорғау органдары дереу әрекет етуге кірісті. Полиция департаменті кәмелетке толмаған жасөспірімге қатысты аса ауыр қылмыс дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады.
Қазір күдіктіге қатысты тиісті процестік шаралар қабылданып, жәбірленушінің денсаулығы мен психологиялық жағдайын бағалау үшін сот-медициналық және психологиялық сараптамалар тағайындалды. Заң талабы бойынша тергеу мүддесіне байланысты өзге деректер жария етілмейді.
Төрт жыл бойы көз жұмғандар кімдер?
Бұл ауыр оқиға тек бір азғынның қылмысы емес, бүкіл қоғамдық және мемлекеттік бақылау жүйесінің шарасыздығы.
Жасөспірім оқитын мектептің мұғалімдері, сынып жетекшісі, психолог пен ювеналды полиция инспекторы қайда қараған? Баланың мінез-құлқындағы күрт өзгерістерді, көңіл-күйінің тұнжырауын немесе денсаулығының сыр беруін жылдар бойы ешкімнің байқамауы – нағыз қылмыстық салғырттық.
Ауылдық жерлерде бір-бірін жақсы танитын ортада «жабулы қазан жабулы қалсын» деп қылмысты жасыруға тырысу балалардың өмірін тозаққа айналдыруда. Бұл істе тек қорлаушы ғана емес, жасөспірімнің азабын көре тұра үнсіз қалған, қызметіне салғырт қараған мектеп басшылығы мен әлеуметтік инспекторлардың да жауапкершілігі қатаң қаралуы тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







