Қазақстанда 2029 жылға дейін 1429 көппәтерлі апатты және ескі үйді сүріп, тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру жоспарланған. Алайда бекітілген бағдарлама нақты мұқтаж жандардың 42 пайызын ғана қамтитындықтан, 15,6 мыңнан астам отбасы төбесі ортасына түсуге шақ қалған баспаналарда амалсыз қала бермек, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қағаз жүзіндегі жоспар және Үкіметтің мойындауы
Парламент депутаттарының сауалына берген жауабында Премьер-министр Олжас Бектенов өңірлік жол карталарына сәйкес, алдағы бес жылда 895 жаңа көпқабатты үй салып, 11 319 пәтер беру көзделгенін растады. Бұл шамамен 45 мыңнан астам азаматты жаңа баспанамен қамтуға мүмкіндік береді.
Дегенмен ресми статистика еліміздегі апатты тұрғын үй мәселесінің тым тереңге кеткенін көрсетеді. Бүгінде республикадағы тұрғын үй қорында 4 384 ғимарат әбден ескірген, оның 1 037-сі ресми түрде апатты деп танылса, 3 347-сінің тозығы жеткен. Онда жалпы саны 27 мыңға жуық үй иесі, яғни отбасы мүшелерін қосқанда 108 мыңнан аса адам өмір сүріп жатыр. Үкіметтің жоспары осы мұқтаж халықтың жартысына да жетпейтін болып шықты.
«15 мыңнан аса отбасы қауіпті үйде қалады»: депутат дабылы
Құрылтай депутаты Әмірбек Оспанбеков еліміздегі реновация бағдарламаларының сылбыр жүріп жатқанын қатаң сынға алып, шенеуніктердің әрекетсіздігіне наразылық білдірді. Оның айтуынша, ескі үйде тұратын азаматтардың өміріне күн сайын қатер төніп тұр, ал жергілікті биліктің қазіргі қарқыны мәселені шешуге қауқарсыз.
«2029 жылға қарай әкімдіктер апатты және тозығы жеткен үйлердің орнына 11 319 пәтер беруді жоспарлап отыр. Бұл – қоныс аударуға тиіс азаматтардың 42 пайызы ғана. Алайда 15 653 меншік иесі апатты үйлерде қалып қою қаупі бар. Мұндай нысандарда өрт қаупі өте жоғары, адамдардың, әсіресе балалардың өміріне елеулі қатер төндіреді», – деп мәлімдеді Әмірбек Оспанбеков.
Халық қалаулысы жағдайды бақылауға алу үшін Үкімет жанынан арнайы комиссия құруды ұсынғанымен, министрлер кабинеті бұл бастаманы қолдаудан бас тартты.
Әкімдердің немқұрайлығы: 334 үйдің тек үшеуі ғана сүрілмек
Өңірлердегі жағдай жергілікті әкімдіктердің реновация ісіне атүсті қарайтынын айқын дәлелдейді. Кейбір облыстарда апатты үйлерді жаңарту көрсеткіші нөлге жуықтап тұр.
Мәселен, Батыс Қазақстан облысындағы 334 апатты және ескі ғимараттың тек үшеуінің ғана тұрғындарын көшіру қарастырылған. Яғни қажеттіліктің небәрі 1 пайызы ғана орындалмақ. Ақмола, Қарағанды, Алматы, Ұлытау, Абай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы қаласында да реновация жоспары бар-жоғы 2 пайыздан 19 пайызға дейінгі деңгейді ғана қамтиды. Тұрғындарды жаңа баспанамен толық қамтуға тек Астана қаласы, Жамбыл және Павлодар облыстарының әкімдіктері ғана дайын екенін білдірген.
Реновация уәдесі ме, әлде халықты алдау ма?
Жергілікті әкімдіктердің құрылыс компанияларымен ортақ тіл табыса алмауы немесе бюджетті тиімсіз бөлуі қарапайым халықты қауіпті тұзаққа қамап отыр. Жеке құрылыс салушылар орталықтағы ескі үйлерді сүріп, тұрғындармен келіссөз жүргізгенше, қаланың шетінен бос жерді иеленіп, жаңа кешендерді салғанды тәуір көреді. Ал әкімдер болса, жеке инвесторларға тартымды шарттар ұсынудың орнына, мәселені жылдар бойы кейінге ысырып келеді.
Үкіметтің реновация туралы дабыралы уәделері шын мәнінде құрғақ ұраннан аспай отыр. Баспананың іргесі сөгіліп, қабырғасы қақырап тұрғанда, 15 мыңнан астам отбасын 2029 жылдан кейінге қалдыру – азаматтардың өмірімен тәуекел ету деген сөз. Әкімдер апатты үйлер мәселесіне немқұрайлы қарауды тоқтатып, нақты қаржы мен инвесторларды тартпаса, кез келген тосын оқиғаның салдары орны толмас трагедияға ұласуы әбден мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







