Белгілі тележүргізуші, спорт менеджері Нұрсұлтан Құрман Қазақстандағы бокстың хал-ахуалы, спортшылардың Олимпиададағы сәтсіздігі туралы пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Нұрсұлтан Құрман бокс Атлантадан бастап медаль алып келіп жатқан спорт түрі екенін, жарысқа барған құрамның негізгі бөлігі жартылай финалда өнер көрсететінін айтты. Дегенмен бұл жолғы Олимпиада басқаларына ұқсамайды.
«Жеті спортшымыз (осы Олимпиадаға — еск.) барды, алтауы ұшып кетті. Елімізде үкілеген үміт еткен Қамшыбекті күміс алады деп ойладым, Асыланбектен де бір медаль күткеніміз рас, Сәкен Бибосыновтан медаль күткеніміз рас, Мұхамедсабыр жақсы келе жатыр еді, Нұрбек пен Айбектен о бастан медаль күттім. Нұрбек жартылай финалға шықты, бағы жансын. Алтынға лайық болсын. Дәл осыны қарап отырсақ, біз үшін бокстан өте сәтсіз, ең трагедияға толы, қаралы, жолымыз болмаған, үлкен өзгерісті, үлкен отырыстарды, ашық сұрақтарды қоюды талап ететін Олимпиада болды десек болады», — деді ол «Қасқа жолға».
Спорт менеджерінің пікірінше, 2016 жылдан бастап Қазақстанда бокс құлдырай бастады, ал Головкин келгенде дүйім жұрт өзгеріс күткені жасырын емес.
«Балалар бабында сияқты, бірақ ағасы, жағасы жоқ сияқты болып тұратын, бір тетік бос тұратын. Головкин келген кезде дәл осы тетіктің орны жабылды, абыройы бар деп ойладық», — деді журналист.
Сондай-ақ, ол Олимпиададан кейін үлкен кадрлық өзгеріс болуы да әбден мүмкін екенін жеткізді.
«Бұл Олимпиададан кейін үлкен кадрлық өзгерістер болатыны сөзсіз. Бокс федерациясында бола ма, бапкерлік құрамда бола ма?! Бапкерлік құрамда болса, бокстағы азаматтар «Мырзағали Айтжановты алып тастағысы келе ме, алып тастаса, орнына кім келеді?» деп жатыр. Мырзағали мырза Сәкен жеңілгеннен кейін түрі жоқ, іштей жанып кетті. Ол кісі өзі де шаршаған шығар, 10 жыл болды ғой. Өзі де ойланар. Өзі отставкаға беруі мүмкін, ол да мырзалық болатын еді. Ол кісі ерекше құрметтеймін, сыйлаймын.
Бірақ бокста жүрген азаматтардан сұраймыз, кішігірім команданың ішінде бір-бірін тыңдамау, тәртіптің әлсіздігі, кертартпалық, менмендік, жұлдыздық аурулар бар сияқты. Мырзағали мырзаның сөздері кейбіреуге өтпеуі мүмкін, жеке бапкерлер оны елемеуі мүмкін, кейбір спортшылар тәртіпті сақтамауы мүмкін. Әрбір боксшы жауапкершілік алуы керек. Кейбіреулер «боксшылар дұрыс оқу-жаттығу жиындарына бармайды, тойда жүреді, көкпарда жүреді» дейді. Ол да бар. Тәртіп, тәртіп, бақылау. Менің ойымша, Мырзағали мырза қолынан жіберіп алды. Ол кісіні қатты құрметтемейді деп айтады кейбір жерлерде. Қарап отырсаңыздар, Қамшыбек дайындық процесі кезінде үш жекпе-жекпе өткізген деп жатыр. Басқалары 5-6 жекпе-жек өткізген. Бақыт Сәрсекбаев шулап жатыр ғой, ол Олимпиаданың алдында 22 жекпе-жек өткізген. Біразы физикалық тұрғыдан нашар деп жатыр. Демек сол, физиканы дұрыс бермеген, еркелетіп алған, сөз өтпейді, бақылау жоқ деп ойлаймын», — деді ол сұхбатында.