Белгілі кәсіпкер Ахметбек Нұрсила Олимпиададан жүлдемен оралған спортшыларды орынсыз мадақтап, бос мақтанға салынып кеткен жұртшылықты сынады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Нұрсиланың айтуынша, спортшылардың жеңісін халық тым әсірелеп, «әлемге танылдық» деген даурықпа сөзге айналдырып отыр.
«Олимпиада чемпиондарын «көк туымызды көтерді, әлемге қазақты танытты» деп мақтанамыз. Сонда осының несі мақтан? Егер танымал болудың өзі мақтан болса, Қуандық Бишімбаев бір-ақ айдың ішінде тек Қазақстанға ғана емес, Ресейге де, Қырғызстан мен Өзбекстанға да танымал болып шыға келді. Сонда оның ата-анасы «баламыз жарты әлемге әйгілі болды» деп мақтануы керек пе?» – дейді кәсіпкер.
Ол спорт пен өнердегі жетістіктерден гөрі, халықтың тұрмысын түзеуге, ел экономикасын көтеруге көңіл бөлу маңыздырақ екенін айтты.
«Әншілер мен спортшылар Қазақстанды әлемге қандай жағынан танытып жатыр? Жері кең, қазба байлығы мол ел бола тұра халықтың кедейшілікте өмір сүргені мақтан ба? Жемқорлық жағынан әлемнің көш басында тұрғанымыз мақтан ба? Қарапайым шұлықты да өзіміз шығара алмайтынымыз, бірде-бір өндірістің қалмағаны мақтан ба? Етті Аргентина мен Бразилиядан әкеліп, сүтті Қырғызстан мен Беларусьтен алып отырғанымыз мақтан ба?» – деп ашынды ол.
Ахметбек Нұрсила халыққа Абайдың 21-қара сөзін оқып, ойлануға кеңес берді.
«Абайдың айтуынша, адам баласы екі түрлі мақтанның құлы болады: бірі үлкендік, екіншісі мақтаншақтық. Үлкендік деген адам өзін бағалап, пайдасыз, өсекші, алдамшы, сұрамшақ, мақтаншақ мінездерден аулақ болып, ар-намысын таза ұстауы. Ал мақтаншақтық даңғазалық пен бос сөзге құмарлық. Бізді осы «десін» деген сөз құртты. Осыны ойланатын кез келді», – деді Ахметбек Нұрсила.
Айта кетейік, кеше Олимпиада чемпионы Елдос Сметов бастаған дзюдошылар елге оралып, оларды әуежайдан қалың жұртшылық құрметпен қарсы алып, бағалы сыйлықтар тарту еткен болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







