Астанада көптен күткен жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесі іске қосылғаcын, жолақы тарифіне қатысты дау басталды. Атышулы Олжас Байділдинов LRT жолақысын есептеу жүйесін түбегейлі өзгертуді ұсынып, жұрттың табасына ұшырады деп жазады Ertenmedia.kz.
Сарапшы әзіргі бірыңғай 200 теңгелік тарифті экономикалық тұрғыдан тиімсіз әрі әділетсіз деп отыр. Пайымдауынша, Астана билігі Дұбай мен Ыстамбұл сияқты әлемдік мегаполистердің тәжірибесіне сүйеніп, дифференциалды (сараланған. ред) тариф жүйесін дереу енгізуі тиіс.
«Жолаушы көлікке мінгенде де, түскенде де картасын валидаторға басып, жүрген қашықтығы үшін ғана ақша төлеуі қажет. Бүкіл қаланы басып өтіп, теміржол вокзалынан әуежайға дейін баратын адам мен небәрі бір-екі аялдама ғана жүретін жолаушының бірдей 200 теңге төлеуі барып тұрған абсурд», — дейді ол.
Экономис ұсынған механизм бойынша, қысқа қашықтыққа қатынайтындар үшін жолақы құны төмен болып, ал ұзақ бағытқа, айталық, сол жағалаудан оң жағалауға өтетіндер үшін тариф әлдеқайда жоғары болуы тиіс.
«Егер мен әрі кетсе, екі аялдама жүрсем 100 теңге төлеуім керек. Ал алысқа жүретіндердің тарифі мүлде бөлек, қымбат болуы қажет», — дейді ол.
Байділдинов 1,8 миллиард долларға салынған LRT-ның шығыны орасан зор екенін, қазіргі 200 теңгелік баға тіпті оператордың ағымдағы шығынын да жаппайтынын алға тартуда. Есептеуінше, LRT-ға мемлекет тарапынан берілетін жылдық субсидия көлемі 100 миллиард теңгеге жуықтайды, бұл Елордада жылына 10 жаңа мектеп салумен пара-пар қаржы.
Сарапшы LRT-ны қала маңындағы Қосшы ауылына қарай ұзарту идеясын да қате деп сынап, осы бағытта қарапайым автобус қатынасын дамыту әлдеқайда арзан әрі тиімді болар еді деген уәж айтты.
Желідегі жұрт не дейді?
Байділдиновтың мәлімдемесі желідегі қауымның жынына тиіп жатыр. Көпшілік экономисті елдегі тұрмыстық ахуалдан алшақ өмір сүреді деп айыптауда.
Сарапшы бұған дейін қоғамдық көлік жолақысын 500 теңгеге дейін көтеруді ұсынып, Қаңтар оқиғасы тұсында газ бағасын көтеруге қарсы шыққан қауымға «ұнамаса, автобусқа ауысыңдар немесе жаяу жүріңдер» деп ақыл айтқан-тұғын.
Әлгіден кейін Энергі министрлігі сарапшыны жұмыстан қуып жіберген.
Байділдинов бұдан кейін де сөзінен бас тартпай бензин бағасы мен коммуналдық тарифті күрт көтеріп, әлеуметтік көмекті сап тию керектігін айтып айлық табысы төмен қарапайым бұқараның қаһарына іліккен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







