Алматы қаласының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әнші Алмас Кішкенбаевқа сот үкімі шықты, — деп хабарлайды ErtenMedia Massaget.kz-ке сілтеп.
Алмас Кішкенбаевқа ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша айып тағылған еді. Сот шешімі бойынша Алмас Кішкенбаев 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
«Алматы қаласының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты К.-ге қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы істі жабық форматта қарады. Сот К.-ның мас күйде мұндай әрекеттерді жасағанын анықтады. Сотта К. болған оқиғаның мән-жайы есінде жоқ екенін мәлімдеді. К. ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды, оған 15 тәулік мерзімге қамауға алу түрінде жаза қолданылды», — деп жазылған сот хабарламасында.
Алмас Кішкенбаев не үшін айыпталды?
Әкімшілік кодекстің 434-бабының 1-бөлігіне сәйкес, “қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, адамдарға тиісу және айналасындағыларды сыйламау, қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзу” ұсақ бұзақылыққа жатады. Заң бойынша мұндай әрекет үшін 20 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 78 640 теңге) көлемінде айыппұл немесе 5-15 тәулік аралығында қамауға алу жазасы қарастырылған.
Айыптаудың мәні неде?
Бұған дейін желіде Алмас Кішкенбаевты полицияға әкеткені туралы ақпарат тараған еді. Ақпаратқа сүйенсек, оған “кәмелетке толмаған балаға тиісу” дерегі бойынша шағым түскен.
Алмас Кішкенбаев кім?
Алмас Кішкенбаев – қазақстандық эстрада әншісі, 2000-жылдардың басында Superstar KZ жобасының алғашқы маусымында (2004 жылы) жеңіске жетіп, танымалдылыққа ие болған. Содан бері ол бірнеше ән жинақ пен жеке концерттік бағдарламалар ұсынған.