Әскерге шақыру науқаны азаматқа шақырту қағазы тапсырылған сәттен басталып, медициналық тексеру мен жарамдылық санатын анықтауға дейін жалғасады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Шақырту қағазы жергілікті әскери басқару органына, яғни әскери комиссариатқа келуді міндеттейтін ресми құжат. Ол азаматты бірден әскерге алып кету үшін емес, алдымен деректерін нақтылау, медициналық комиссиядан өткізу, жарамдылық деңгейін анықтау және кейінге қалдыруға негіз бар-жоғын тексеру үшін беріледі. Сондықтан мұндай құжатты елемеуге болмайды.
Қазір шақырту бірнеше тәсілмен жолданады. Ол қол қойдыру арқылы жеке табысталуы мүмкін. Жұмыс орны немесе оқу орны арқылы да жеткізіледі. Онымен қоса цифрлық формат та іске қосылған. Азамат eGov.kz порталындағы жеке кабинеті, eGov Mobile қосымшасы немесе SMS арқылы хабарлама ала алады. 2025 жылдан бастап мұндай электронды хабарламалар да заңды күшке ие.
Шақыртуда нақты келу күні, уақыты, мекенжайы және шақыру мақсаты көрсетіледі. Құжатты алған соң ең алдымен деректердің дұрыстығын мұқият қарап шығу керек. Аты-жөні, тұрғылықты мекенжайы, келу мерзімі және не үшін шақырылғаны дұрыс жазылуға тиіс. Кей жағдайда азаматты медициналық комиссияға, кейде құжаттарын нақтылауға, енді бірде кейінге қалдыру негіздерін қарауға шақырады.
Әскери комиссариатқа барар алдында қажет құжаттарды дайындап қойған жөн. Олардың қатарына жеке куәлік, тіркеу куәлігі бар болса соны, білім туралы құжаттар, оқу орнынан анықтама, медициналық қорытындылар және кейінге қалдыруға құқық беретін өзге де қағаздар кіреді. Құжат ретімен болса, рәсім де жеңіл өтеді.
Егер көрсетілген уақытта бару мүмкін болмаса, әскери комиссариатты алдын ала хабардар ету қажет. Себеп міндетті түрде құжатпен дәлелденуге тиіс. Ауру болса – медициналық анықтама, оқу не жұмысқа қатысты жағдай болса – соны растайтын ресми құжат ұсынылады. Ең бастысы, келмей қалу жайы елеусіз қалмауы керек. Себеп уақытында тіркелсе, мәселе заң аясында шешіледі.
Ал шақыртуға мүлде келмеу жауапкершілікке әкеледі. Дәлелді себепсіз әскери комиссариатқа бармаған адамға әкімшілік шара қолданылуы мүмкін. Ал әскерден саналы түрде жалтарып, әртүрлі сылтау айтуды әдетке айналдырғандар қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы ықтимал. Сондықтан шақырту қағазын жай ескерту емес, заңды талап ретінде қабылдаған дұрыс.
Контекст
Әскерге шақыруға байланысты кейінге қалдыру құқығы да қарастырылады. Ондай негіз оқу, денсаулық жағдайы, отбасы ахуалы немесе заңда белгіленген өзге себептермен байланысты болуы мүмкін.
Егер азамат жоғары оқу орнында оқып жүрсе немесе шетелде болса, өз мәртебесін алдын ала нақтылап, растайтын құжаттарын дер кезінде тапсырғаны жөн. Өйткені әскери есепке қатысты мәселе кейінге қалдырылса да, ол өздігінен шешіліп кетпейді.
Сондықтан әрбір әскер жасындағы азамат бір жайтты анық білуі керек: шақырту қағазы бірден сапқа тұрғызу емес, ең алдымен заңды рәсімнің басталуы. Соған дайын болып, құжаттарын түгендеп, өз мәртебесін нақтылап отырған адам үшін әскерге шақыру науқаны артық әбігерсіз өтеді.
Алматыда 2026 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында шамамен 2 мың азамат мерзімді әскери қызметке жіберіледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







