АҚШ-та өткен аралық сайлауда республикашылдардың күйрей жеңілуінен кейін партия ішіндегі қысым тікелей Қорғаныс министрі Пит Хегсетке бағытталды. Конгрестегі қос палатаға бақылауды демократтарға беріп қойған Республикалық партия өкілдері Ирандағы дағдарыс пен сайлаудағы сәтсіздікке Пентагон басшысын басты жауапты ретінде айыптай бастады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Аралық сайлаудың саяси сабағы
Республикашылдардың конгресстік науқанда ұтылуына Ирандағы қақтығыстың созылып кетуі және одан туындаған ішкі экономикалық қиындықтар себеп болды. Трамп әкімшілігіндегілердің айтуынша, Хегсет соғыс басталарда оның тез әрі оңай аяқталатынына барлығын сендіріп, әскери шиеленісті күшейтуді талап еткен. Нәтижесінде операция ұзаққа созылып, жанармай бағасы шарықтап, бұл сайлаушылардың ашу-ызасын туғызды.
Вице-президент Джей Ди Вэнс партияның Сенаттағы көпшілікті алдағы алты жылға жоғалтып алғанын ашық мойындап, мұның себебі Ирандағы соғыс екенін мәлімдеген болатын. Алайда партия өкілдері кінәні президент Трампқа тікелей артуға батпай, соққыны Хегсетке бағыттауды ұйғарған.
«Егер президент орын алған жағдайға біреудің жауап бергенін қаласа, ол адам — Пит Хегсет. Пит басынан бері мерзімдер, мақсаттар мен міндеттерге қатысты я қателесті, я шындықты айтпады. Мұның екеуі де қабылданбайды», – деді Ақ үйге жақын республикашыл шенеуніктердің бірі CNN-ге берген сұхбатында.
Конгрестегі импичмент қаупі
Кентукки штатынан сайланған өкілдер палатасының мүшесі, республикашыл Томас Мэсси келесі аптада Хегсетке қарсы импичмент мәселесін дауысқа қоюды жоспарлап отыр. Көптеген республикашыл қайнаркөздер бұл бастама палатада қолдау табады деп болжайды. Себебі мандаты аяқталып бара жатқан депутаттар енді Трамптың қолдауына мұқтаж емес әрі өз ұстанымдары бойынша дауыс беруге еркін.
Хегсеттің өзіне тағылған айыптар арасында Иран операциясын дұрыс жүргізбеуі ғана емес, сонымен бірге жоғары әскери қолбасшыларды негізсіз қызметтен босатуы да бар. Жаңа жылдан бастап конгрессті өз қолына алатын демократтар Пентагондағы кадрлық тазартулар мен 1,5 триллион долларлық қорғаныс бюджетіне қатысты ауқымды тергеу жүргізуге уәде беріп отыр.
Пентагон басшысының қарсылығы
Өзіне бағытталған шабуылдарға жауап ретінде Пит Хегсет бейнеүндеу жариялап, қызметтен өз еркімен кетпейтінін әрі қарсы күресетінін мәлімдеді. Ол өзіне қарсы бастаманы қарсыластарының саяси театры деп атады.
«Мұның бәрі жеке тұлғаны құрту саясаты. Бұл әдіс президент Трампқа қарсы нәтиже берген жоқ, маған қарсы да өтпейді. Бұған сенімді бола аласыздар», – деді Пит Хегсет өз үндеуінде.
Президент Трамп көпшілік алдында Қорғаныс министрінің жұмысын жоғары бағалап отырғанын жеткізді. Дегенмен жеке кеңестерде кеңесшілерімен Хегсеттің орнына басқа үміткерлерді, соның ішінде Флорида губернаторы Рон Десантисті қарастырып жатқаны туралы деректер тарауда. Конгрестегі алдағы дауыс беру Пентагон басшысының тағдырын ғана емес, Ақ үй саясатының бағытын да айқындай түспек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







