Алматыда 19 сәуір күні тоғызыншы Almaty Half Marathon өтіп, оған әлемнің 44 елінен 10 мыңнан астам желаяқ қатысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ауқымды жарыс Қазақстандағы жүгіру маусымының шымылдығын ашып қана қоймай, Алматының халықаралық спорттық туризм орталығы ретіндегі орнын тағы бір мәрте айқындады. Биылғы жартылай марафон шетелдік қатысушылар саны бойынша да рекорд жаңартты. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жарыс жолына 800-ден астам шетелдік спортшы шыққан.
Қатысушылардың басым бөлігі Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген. Сонымен бірге Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Украина, Беларусь және Еуропа, Азия, Америка мен Таяу Шығыстың өзге елдерінен де желаяқтар жиналды. «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының дерегіне қарағанда, марафонға қызығушылық жыл сайын артып келеді. Қазір ол әлемнің әр түкпірінен жүгіру әуесқойларын тоғыстыратын маңызды алаңға айналған.
Жарыс аясында спортпен қатар экология тақырыбына да басымдық берілді. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы шеңберінде арнайы экологиялық акция ұйымдастырылды. Бағыт бойында және мәре аймағында қалдықтарды бөлек жинауға арналған орындар қойылып, экологиялық мазмұндағы интерактивті аймақтар жұмыс істеді. Жиналған қайта өңделетін қалдықтар EcoNetwork серіктесінің қолдауымен сұрыптауға және өңдеуге жіберілді.
Ұйымдастырушылар қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға ерекше мән берген. Сол себепті бір реттік материалдарды қолдану қысқартылып, баспа өнімдерінің бір бөлігінен бас тартылған. Негізгі назар тұрақты әрі жауапты тұтыну мәдениетін қалыптастыруға аударылған.
Марафон аясында «Тепло» қайырымдылық бастамасы да өтті. Қатысушылар қалдырған жылы киімдер жиналып, сұрыпталып, мұқтаж жандарға табысталатын болды.
Алматы қаласы спорт басқармасының мәліметінше, мұндай ірі шаралар бұқаралық спортты дамытуға ғана емес, қоғамда экологиялық мәдениетті орнықтыруға да ықпал етеді. Ұйымдастырушылар қатысушылардың жайлылығын да ескерген. Мәре аймағында ана мен балаға арналған арнайы бөлме дайындалып, бөлек және инклюзивті санитарлық аймақтар қарастырылды.
Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау және тұрақтандыру шарасы күшейтілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

