Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) наурыз айындағы сынағында ең жоғары 140 балл жинаған Санжар Қуандықпен кездесті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Білім – кез келген мемлекеттің өркендеуінің негізгі іргетасы. Бүгінгі жастардың ғылым мен білімге деген құштарлығы – елдің ертеңін жарқын ететін басты күш. Осындай алғыр да еңбекқор жастардың бірі – Еңбекшіқазақ ауданындағы Толқын орта мектебінің оқушысы Санжар Қуандық. Ол Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) наурыз айындағы сынағында ең жоғары 140 балл жинап, өзінің білім деңгейін дәлелдеді.
Санжардың бұл жетістігі туған мектебінің ғана емес, бүкіл облыстың мақтанышына айналды. Осы орайда, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев дарынды оқушымен арнайы кездесіп, оны құттықтады. Кездесу барысында өңір басшысы білім саласындағы жаңа бастамаларға тоқталып, мектептерді жаңғырту, оқушыларға заманауи білім беру мен қауіпсіздік мәселелерінің маңыздылығын атап өтті.
– Бұл жетістік – сенің табандылығыңның, ата-анаң мен ұстаздарыңның қолдауының нәтижесі. Бүгінде елімізде жастарға сапалы білім алуға барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, одан әрі биіктерді бағындыруға тілектеспін, – деді облыс әкімі.
Санжар өз кезегінде болашақ жоспары туралы ой бөлісіп, ұстаздық жолды таңдауды мақсат еткенін жеткізді. Ол алған білімін келешек ұрпақпен бөлісуді ең үлкен миссиясы санайды.
Кездесу соңында өңір басшысы жас түлекке 500 мың теңгенің сертификатын табыстап, анасы мен ұстаздарына Алғыс хат ұсынды. Мұндай қолдау – білімді жастарды ынталандырудың және олардың еңбегін бағалаудың жарқын үлгісі.
Санжар Қуандықтың жетістігі – білімге ұмтылған әрбір жасқа шабыт сыйлайды. Осындай талапты, алғыр жастар көбейген сайын, еліміздің де болашағы жарқын болары сөзсіз.