Алматының тұрғын үй нарығында күзге таман күрделі өзгерістер болуы мүмкін. Сала сарапшысы Диляра Сейітнұрова алдағы айларда қалада баспана бағасы әжептәуір өсуі мүмкін деп болжап отыр деп жазады Ertenmedia.kz.
Бағаның құбылуына әсер ететін негізгі екі фактор жаңа Салық кодексі мен 2026 жылдың шілдесінде күшіне енетін Құрылыс кодексі.
Бағаның өсуіне әсер ететін негізгі факторлар
Сейітнұрованың айтуынша, қазіргі «жыл соңына дейінгі акция», «тұрақ орнына жеңілдік» деген ұсыныстың астарында құрылыс компанияларының бұрынғы талаптармен рәсімделген үйлерді жылдам сатып жіберуге тырысуы жатыр.
Жыл басынан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексі құрылыс құнына бірден әсер етеді. 16 пайыздық қосымша құн салығы құрылыс бағасына тікелей сол мөлшерде емес, шамамен 12–15 пайыз деңгейінде ықпал етеді.
Әсіресе, эконом санатындағы тұрғын үйлердің бағасына қысым көп түседі, яғни қымбатшылықтың ауыртпалығын негізінен сатып алушы сезінеді. Ал бизнес және премиум санаттарда компаниялар қосымша шығынның бір бөлігін өздері көтеруге мәжбүр.
Сондай-ақ, 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін жасалған үлестік келісімдер баға өсімінен қорғалған. Мұндай келісімді ерте рәсімдеген азаматтар қазірдің өзінде артықшылыққа ие.
Жаңа Құрылыс кодексінің ықпалы қандай?
2026 жылдың 1 шілдесінде күшіне енетін Құрылыс кодексі нарықтың жағдайын одан әрі қиындатады. Жаңа кодекс бойынша құрылыс сапасына кепілдік мерзімі үйдің жалпы құрылысына бес жыл, негізгі конструкцияларға он жыл болып ұзарады. Бұл құрылыс компаниялары үшін қосымша шығындарды талап етеді.
Бұдан бөлек, жаңа ережелер қала орталығындағы құрылыс көлемін шектейді. Әсіресе, Алматыдағы Бостандық, Медеу және Алмалы аудандарында жаңа тұрғын үйлер салу күрделене түседі. Ұсыныс азайған сайын баға өседі деген қарапайым нарық заңы осылайша іске қосылады.
Баға қалай өзгереді?
Сарапшының болжамы бойынша, нарықтағы баға өзгерісі 2026 жылдың үшінші-тоқсанынан бастап анық байқала бастайды. Баға өсімі санаттарға қарай былай бөлінеді:
- Эконом-класс – 10–14 пайыз;
- Комфорт-класс – 8–12 пайыз;
- Бизнес-класс – 6–10 пайыз;
- Премиум-класс – 5–8 пайыз.
Баға өсімінің негізгі ауыртпалығы табысы төмен және орташа азаматтарға түседі.
Сатып алушыға арналған ақыл-кеңестер
Диляра Сейітнұрова пәтер алуды жоспарлағандарға үш түрлі стратегия ұсынады:
- Күзге дейін сатып алу – қазіргі бағаны тұрақтандырып, өсімнен алдын ала сақтану.
- 2027 жылдың қысын күту – нарықтың сәл бәсеңдеуін күтіп, тиімді ұсыныстарды іздеу, бірақ бұл кезде ипотекалық шарттардың қиындау қаупі бар.
- Екінші нарықты қарастыру – мұнда қосымша құн салығы қосылмайды, бірақ 2026 жылдан кейін техникалық талаптарға сай келмейтін ескі үйлердің өтімділігі төмендейді.
Сарапшының нақты ұсынысы қандай?
Диляра Сейітнұрованың пікірінше, бюджеті 60 млн теңгеге дейінгі азаматтарға мынадай пәтерлерді таңдаған тиімді:
- Комфорт-класстағы үйлер;
- Қалада бұрыннан қалыптасқан, инфрақұрылымы дамыған аудандар;
- 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға берілетін тұрғын үйлер;
- Үлестік қатысу келісімі (ДДУ) алдын ала рәсімделген пәтерлер.
Осы сипаттағы үйлер нарық ауытқуларына төзімді келеді, дейді сарапшы.
Сөйтіп, Алматы тұрғын үй нарығының «тыныштығы» алдамшы көрінеді. Бағаның өсуі әзірге көзге көрінбегенімен, уақыт өткен сайын нақтырақ сезіле бастайды. Сарапшының кеңесіне сүйенсек, баспана алуды кейінге қалдырған сатып алушылардың тәуекелі жоғары болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







