Қазақстанның банк нарығында Біріккен Араб Әмірліктерінен келген жаңа қаржы ұйымы тіркелді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Abu Dhabi Commercial Bank тобы Қазақстанда еншілес банк ашуға дайындалып жатыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2026 жылғы сәуірде Abu Commercial Bank (Kazakhstan) атауымен жаңа қаржы ұйымы тіркелген.
Мамыр айында араб акционері қазақстандық құрылымның жай акцияларын сатып алды. Капиталға салынған қаражат көлемі 20 млрд теңгені құрады.
Реттеуші жаңа банктің пайда болуы нарықтағы бәсекені күшейтеді деп есептейді. Сонымен қатар бизнес пен халық үшін қаржыландыру мүмкіндігі кеңеюі мүмкін.
Жаңа банктің негізгі бағыттарының бірі исламдық қаржыландыру болады. Әңгіме «исламдық терезе» тетігі туралы болып отыр. Мұндай формат клиенттерге ислам банкингі қағидаларына сай қаржы өнімдерін ұсынуға мүмкіндік береді.
Бұл балама қаржыландыру көздеріне сұранысы бар клиенттер үшін маңызды. Әсіресе пайыздық несиеге балама іздейтін бизнес пен жеке тұлғаларға жаңа мүмкіндік ашылуы мүмкін.
Abu Commercial Bank (Kazakhstan) өкілдері Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымовамен кездесу өткізді. Кездесуде банкті іске қосу кезеңдері, реттеуші талаптарын орындау және банк лицензиясын алу мәселелері талқыланды.
Қаржы ұйымы лицензия алғанға дейін толыққанды банк операцияларын жүргізе алмайды. Сондықтан әзірге нақты өнімдер мен қызметтер туралы айту ерте.
ADCB тобы Қазақстан нарығында бұрыннан бар. Қазір елде «ADCB» ислам банкі жұмыс істейді. Реттеуші дерегіне сәйкес, ол актив көлемі бойынша Қазақстандағы 23 банктің ішінде 21-орында тұр. 2026 жылдың басында банктің активтері шамамен 256 млрд теңге болған.
Жаңа жоба топтың Қазақстандағы екінші банк активіне айналмақ.
Сарапшылардың пікірінше, БАӘ капиталы бар жаңа банктің келуі қаржы секторына шетелдік инвесторлардың қызығушылығы сақталып отырғанын көрсетеді. Бұл әсіресе жоғары мөлшерлеме мен әлемдік экономикадағы белгісіздік жағдайында маңызды белгі.
Нарық үшін негізгі әсер корпоративтік сектор мен исламдық қаржыландыру бағытында байқалуы мүмкін. Жаңа қатысушы іске қосылғаннан кейін клиенттер үшін қаржы өнімдерінің таңдауы кеңейеді.
Сонымен қатар банктер арасындағы бәсеке күшейсе, бизнеске арналған қаржыландыру шарттары да біртіндеп өзгеруі ықтимал.
Бұған дейін «ADCB» ислам банкі Қазақстанның банк заңнамасын бұзғаны хабарланған еді. Реттеуші банкке анықталған кемшіліктерді 2026 жылғы 30 маусымға дейін жоюды тапсырған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







