Астанадағы тұрғын үйдің лифтінде жасөспірім балаға пышақпен шабуыл жасаған. Желіде оқиғаның видеосы тарап кетті. ErtenMedia жантүршігерлік жайтқа шолу жасап шықты.
Оқиғаның мән-жайы
Астана Полииця департаменті мәліметінше, балаға шабуыл жасаған кәмелет жасына толмаған жасөспірім психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғаны анықталған.
Астана Полиция департаменті бастығының орынбасары Қуаныш Орынбетовтің айтуынша, балаға жасалған шабуыл бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Қажет тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін жасөспірім бірден белгіленген тәртіппен оқшауланады. Оның заңды өкілі баланы тәрбиелеу бойынша міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Жарақат алған бала ауруханаға жатқызылды, дәрігерлер оған қажет көмекті көрсетіп жатыр», — деді ПД баспасөз қызметі өкілі.
Зардап шеккен бала туралы
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен бала бес жаста. Оқиғадан кейін ол көпсалалы №2 қалалық балалар ауруханасының жақ-бет хирургиясы бөліміне жатқызылған.
Дәрігерлер оның жалпы жағдайын ауыр деп бағалады. Ал отадан кейін баланың жағдайы тұрақты екені айтылды.
«Бала тексерілді, ота жасалды, хирургтар қанды тоқтату үшін тамырларды байлады. Баланың жалпы жағдайын дәрігерлер ауыр деп бағалайды. Отадан кейінгі жағдайы тұрақты», — деп хабарлады елордалық басқарма өкілдері.