Өскеменде Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Дәстүр HUB» шығармашылық кеңістігі ашылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
1 маусым күні Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында жаңа шығармашылық алаң салтанатты түрде іске қосылды. Жобаның кітапхана базасында жүзеге асуы кездейсоқ таңдалмаған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқу мәдениетін дамыту мен оқырман ұлт қалыптастырудың маңызын үнемі айтып келеді. Бүгінде кітап білім көзі ғана емес, баланың ойлау қабілетін дамытатын, дүниетанымын кеңейтетін және ақпаратты өз бетінше саралауға үйрететін маңызды құралға айналды.
Шығыс Қазақстанда балалар мен жастардың сапалы білім алуына, сыни ойлауына, сұрақ қойып, жауап іздеуіне, ұлттық мәдениетпен байланысын нығайтуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Жаңа «Дәстүр HUB» осы бағыттағы жұмыстың нақты жалғасы саналады.
Шығармашылық кеңістік бірнеше бағытты біріктіреді. Мұнда кітап оқу, ұлттық мұра, шығармашылық ізденіс және заманауи технологиялар бір ортада тоғысқан. Кеңістіктің басты нышаны ретінде қазақ халқының мәдениетін айшықтайтын киіз үй таңдалған. Ұлттық құндылықтар мұнда заманауи форматта ұсынылады.

Мультимедиялық технологиялар, интерактивті шешімдер және жасанды интеллект элементтері арқылы келушілер қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрі мен мәдениетін жаңа қырынан танып-біле алады. Киіз үйдің әр бөлшегі жеке мазмұнға ие. Арнайы QR-кодтар арқылы қонақтар ұлттық ою-өрнектердің мәні, тұрмыстық бұйымдардың ерекшелігі және киіз үйдің символикасы туралы бейнематериалдарды тамашалайды.

Хабта кітапқа ерекше орын берілген. Алдағы уақытта мұнда әдеби кездесулер, шығармашылық шеберлік сабақтары, білім беру бағдарламалары, ашық пікірталастар және балалар мен жасөспірімдерге арналған интерактивті іс-шаралар өткізіледі.
Сонымен қатар «Дәстүр HUB» подкаст жазуға, бейнеконтент әзірлеуге, шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға және заманауи цифрлық технологиялар арқылы қазақ тілін үйренуге арналған алаңға айналмақ.
Ашылу күні кітапхана аумағы үлкен отбасылық мерекеге ұласты. Қонақтар үшін «Көгалдағы оқу залы», «Алтын сақа» ұлттық ойындар алаңы, жас суретшілерге арналған шығармашылық аймақ, тақырыптық фотозоналар, шеберлік сабақтары, интерактивті алаңдар және «Картон қалашығы» ұйымдастырылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







