Қазақстанда тамыз айында баспананы жалға алу бағасы 17,1%-ға қымбаттады, ал халықтың жан басына шаққандағы табысы бар болғаны 0,1%-ға өсті, деп хабарлады «Әділет» партиясынан құрылтай депутаты Бөрихан Нұрмұхамедов, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Әділет» партиясының бағдарламасында 2031 жылға қарай қазақстандықтарды сапалы әрі қауіпсіз баспанамен қамтамасыз ету деңгейін жан басына 30 шаршы метрге дейін жеткізу көзделген. Бұл ипотекаға қолжетімділікті дамыту, сатып алу құқығымен жалға беру, үлескерлердің құқықтарын қорғау және тозығы жеткен баспаналарды реновациялау арқылы жүзеге аспақ. Қойылған мақсатқа отбасының тұрғын үй сатып алуға немесе жалға алуға нақты мүмкіндігі болған жағдайда ғана қол жеткізуге болады. Бүгінде тұрғын үй саясатының жетістіктері негізінен құрылыс көлемімен, пайдалануға берілген шаршы метрлердің санымен және берілген ипотекалық несиелердің көлемімен бағаланады. Алайда бұл көрсеткіштердің өсуі баспананың қолжетімділігі артты дегенді білдірмейді. Мәселен, 2026 жылдың тамызында баспананы жалға алу құны жылдық мәнде 17,1%-ға қымбаттады. Ал халықтың нақты жан басына шаққандағы табысы I тоқсанда небәрі 0,1%-ға ғана өсті», – деді Нұрмұхамедов сәрсенбі күні өткен құрылтай отырысында.
Ол 2025 жылдың қорытындысы бойынша медианалық жалақы 317 мың теңгені, ал ең көп таралған жалақы 116 мың теңгені құрағанын айтып, «сондықтан орташа жалақы бойынша есептеулер қарапайым қазақстандық отбасының мүмкіндіктері туралы асыра бағаланған түсінік қалыптастыруы мүмкін» екенін жеткізді.
Халықаралық тәжірибе және медианалық табыс
«Халықаралық тәжірибе баспананың қолжетімділігін анықтауда анағұрлым нақты тәсілді ұсынады. Мысалы, Ұлыбританияда тұрғын үйдің медианалық бағасы мен медианалық табыс салыстырылады. Еуропалық Одақ елдерінде баспана шығындары қолда бар табысының 40%-нан асатын азаматтардың үлесі есептеледі. Канадада баспана құны, сапасы және ауданының жеткіліктілігі бір мезгілде бағаланады. АҚШ-та баспанаға табысының 30%-нан және 50%-нан астамын жұмсайтын отбасылар бөлек ескеріледі. Сингапур мен Ирландия қарыз алушының табысына қатысты ипотекалық және борыштық жүктемені шектейді. Тұрғын үйдің қолжетімділігі бойынша өңірлік көрсеткіштердің ресми жүйесін енгізу орынды деп санаймыз. Есептеулердің негізіне үй шаруашылығының медианалық табысы алынуы тиіс», – деді ол.
Оның айтуынша, баспана құны нақты мәмілелер, несиелендірудің нарықтық шарттары және өмір сүрудің толық құны бойынша айқындалуы керек.
«Әдістеме мынадай көрсеткіштерге негізделуі тиіс: 1. Қолжетімділік коэффициенті: стандартты тұрғын үйдің нарықтық құнының отбасының медианалық жылдық табысына қатынасы; 2. Жүктеме көрсеткіші: қолда бар табыстың ипотекалық төлемге, жалдау ақысына және коммуналдық шығындарға бағытталатын үлесі; 3. Жинақтау кезеңі: отбасына бастапқы жарнаны қалыптастыру үшін қажетті нормативтік мерзім; 4. Біліктілік кедергісі: банктердің талаптарына және мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының критерийлеріне нақты сәйкес келетін отбасылардың үлесі; 5. Отбасылық бюджетке түсетін жүктеме: баспанаға өз бюджетінің 30%-дан, 40%-дан және 50%-дан астамын жұмсайтын үй шаруашылықтарының үлесі», – деп санамалады депутат.
Ол ақпаратты өңірлер, елді мекендердің түрлері және отбасы санаттары бойынша нақтылау қажет деп есептейді.
«Бұл көрсеткіштер жеңілдетілген ипотека, сатып алу құқығымен жалға беру, тұрғын үй сертификаттары мен өңірлік бағдарламаларды әзірлеу кезінде қолданылуы тиіс. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесі берілген несиелер санын арттыру ғана емес, отбасылық бюджетке түсетін нақты жүктемені азайту болуы керек», – деп атап өтті құрылтай мүшесі.
Үкіметке жолданған ұсыныстар
Баяндалғанның негізінде, азаматтарды баспанамен қамтамасыз етудің ғылыми негізделген және әділ тәсілдерін енгізу мақсатында депутаттар үкіметтен ұсынылып отырған әдістемені жан-жақты зерделеп, мына ұсыныстар бойынша ресми ұстанымын білдіруді сұрайды:
1. Тұрғын үй қолжетімділігінің өңірлік көрсеткіштері жүйесінің бірыңғай әдістемесін бекітудің орындылығын бағалау және үш ай ішінде 2024–2026 жылдарға арналған барлық өңірлер бойынша пилоттық есептеулерді ұсыну;
2. Сарапшылар қауымдастығы үшін есептеу алгоритмдерін аша отырып, аталған көрсеткіштерді тоқсан сайын жариялау үшін 2027 жылдан бастап ашық цифрлық панельді іске қосу мүмкіндігін қарастыру;
3. Жеңілдетілген ипотека, сатып алу құқығымен жалға беру және тұрғын үй сертификаттарын беру шарттарын әрбір нақты өңірдегі баспананың нақты қолжетімділік деңгейіне міндетті түрде байланыстыру мүмкіндігін зерделеу;
4. Қолданыстағы тұрғын үй бағдарламаларына бағалау жүргізіп, олардың отбасылардың баспана сатып алуға кететін нақты шығындарын азайтқан-азайтпағанын көрсету.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







