Конституциялық реформа мен кейінгі кадрлық тағайындаулар Қазақстандағы саяси ықпалдың бұрынғы тәртібін жойып, билік ішіндегі жаңа қатынас жүйесін қалыптастырып жатыр. Саясаттанушы Талғат Қалиевтің пайымынша, негізгі институттардың басына салмағы шамалас тұлғалардың келуі мемлекеттік аппаратта ықпал үшін бәсекені күшейтуі мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қалиев ондаған жыл бойы қалыптасқан билік тетігі жаңа Конституциядан кейін бұрынғы қалпында жұмыс істей алмайтынын айтты. Жаңадан құрылған институттар өзара қарым-қатынас тәртібін іс жүзінде жүре келе қалыптастыруға мәжбүр болады.
«Конституциялық реформа мен соңғы тағайындаулар жаңа саяси шындықты және билік Олимпіндегі қарым-қатынастың жаңа ережесін қалыптастырды. Ондаған жыл бойы қолданылған тәртіп іс жүзінде жойылды. Енді жаңа институттарға жүйені қолмен баптауға тура келеді», – деді саясаттанушы.
Оның пікірінше, қазіргі құрылымдағы басты ерекшелік вице-президент Ерлан Қарин, Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева және премьер-министр Олжас Бектеновтің жасы мен саяси салмағының шамалас болуы.
Төрт тұлғаның әрқайсысы жеке мемлекеттік институтқа сүйенеді. Соған сәйкес олар ресми өкілеттігін кеңейтіп, аппараттық және бейресми ықпалын нығайтуға ұмтылады.
«Олардың әрқайсысына институционалдық, аппараттық және бейресми ықпал аясын күшейту үшін бәсекеге түсуге тура келеді», – деп жазды Қалиев.
Дәдебайға ең күрделі міндет жүктелді
Саясаттанушы жаңа құрылымдағы ең осал позиция Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебайға тиесілі деп санайды. Оның бағалауынша, Дәдебай аталған тұлғалардың арасында жария саясаттағы тәжірибесі ең аз басшы болып отыр.
Спикерге 145 депутаттың жұмысын үйлестіру, түрлі мүддені бір арнаға тоғыстыру және Құрылтайдың дербес саяси салмағын қалыптастыру міндеті жүктеледі.
«Әр депутат саяси процестегі өзге ойыншының бейресми ықпалына өтуге қызығуы мүмкін. Кейбірі қазірдің өзінде сондай ықпал аясында болуы ықтимал. Спикер осы жағдайда 145 депутаттың жұмысын басқаратын тетікті қалыптастыруы керек», – деді ол.
Қалиевтің пайымынша, Құрылтай ішіндегі әр депутаттың жеке саяси байланысы мен мүддесі күшейген жағдайда спикердің ортақ тәртіп орнатуы қиындай түседі. Сондықтан Дәдебайға парламентті тек рәсімдік тұрғыда басқару жеткіліксіз. Оған Құрылтайды дербес ықпал орталығына айналдыру қажет болады.
Саяси лагерьлер пайда болуы мүмкін
Саясаттанушы жаңа билік жүйесінде аппараттық және ресурстық мүмкіндігі шамалас бірнеше саяси лагерьдің қалыптасу қаупін жоққа шығармайды.
Ерлан Қарин Президент пен негізгі конституциялық институттар арасындағы байланысты үйлестіреді. Олжас Бектенов Үкімет пен экономикалық ресурстарға сүйенеді. Аида Балаева Қауіпсіздік кеңесіндегі жаңа қызмет арқылы күштік және қауіпсіздік блогына ықпал етеді. Айбек Дәдебай заң шығарушы билікті басқарады.
«Конструктивті қарым-қатынас орнаса, мұндай бәсеке түрлі тұжырымдаманың жарысына айналып, мемлекеттік аппараттың жұмыс қарқынын арттыруы мүмкін. Ал қолайсыз сценарийде саяси лагерьлер арасындағы тартыс дағдарыстық құбылыстарды қоздыруы ықтимал», – деді Қалиев.
Саясаттанушы жаңа құрылымды әзірге дайын тепе-теңдік емес, енді ғана қалыптасып жатқан саяси механизм ретінде бағалап отыр. Оның қаншалықты тиімді жұмыс істейтіні лауазым иелерінің ықпал үшін күресті ашық қақтығысқа жеткізбей, ортақ мемлекеттік міндетке бағындыра алуына байланысты болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







