Қазақ тарихын ашаршылық, қуғын-сүргін мен зұлмат жылдар төңірегінде ғана баяндау өскелең ұрпақтың дүниетанымына кері әсер етуі мүмкін. «Жасампаз ұлт» бағдарламасына қатысқан сарапшылар тарихи сананы мұңға емес, ұлттық сенім мен жасампаздыққа негіздеуге шақырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бағдарлама жүргізушісі Айгерім Құсайынқызы Тамыз конференциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «мұң, қайғы мен күйзеліс жастарға жат дүние болуы керек» деген пікірді талқыға салды.
Тарихшы Еркін Әбіл мемлекет басшысының бастамасын қолдайтынын айтты. Оның пікірінше, кейінгі кезде ел тарихының қаралы кезеңдерін алдыңғы қатарға шығарып, ұлттық өткенді қасірет арқылы бейнелеу басымдық алып кеткен.
«Мұң мен күйзеліс жастарға тән болмауы керек. Олардың психологиясы бөлек: жастар болашағын ойлап, өмірге оптимистік көзқараспен қарауға тиіс. Соңғы кезде тарихымызды бейнелеу бағыты өзгеріп, мұң, қайғы және қаралы кезең туралы тым көп айтатын болдық», – деді Еркін Әбіл.
Тарихшы мұндай түсініктің кеңестік кезеңде қалыптасқанын еске салды. Сол уақыттың саяси және қоғамдық жағдайы өз ізін қалдырғанымен, тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келген ұрпақтың тарихи санасы мүлде басқа негізде қалыптасуға тиіс.
Қасіретті кезеңдерді ұмыту немесе жасыру жөнінде сөз болып отырған жоқ. Ашаршылық, саяси қуғын-сүргін мен өзге зұлматтың ақиқаты толық айтылуы қажет. Алайда тарихты тек жеңіліс пен жапа шегу шежіресіне айналдыру жас ұрпаққа өз халқын әлсіз әрі үнемі тағдыр теперішін көрген ел ретінде танытуы мүмкін.
Білім сарапшысы Нұрбек Ерікұлы тарихи баяндауда тепе-теңдік қажет екенін атап өтті. Оның сөзінше, мектеп оқушысына ұсынылған кез келген пайым баланың дүниетанымына тікелей әсер етеді.
«Бала өзіне айтылған дүниені губкі секілді бірден сіңіріп алады. Қазақты үнемі қайғы-қасірет көрген, көзінде мұңы бар, жапа шеккен халық ретінде түсіндіре берсек, соның бәрі өскелең ұрпақтың келешектегі бейнесіне әсер етеді», – деді сарапшы.
Нұрбек Ерікұлы жастарға ел дамуына үлес қосқан ғалым, ағартушы, Алаш қайраткері мен көрнекті тұлғалардың жетістігін кеңінен таныстыру қажет деп санайды. Қазақ даласынан шыққан биолог, химик, географ және өзге сала мамандарының еңбегін оқу бағдарламасында лайықты көрсету ұлттық мақтаныш сезімін қалыптастырады.
«Біздің керемет тұлғаларымыз болған. Ғалым да, биолог та, химик те, географ та шыққан. Балаларға пессимистік сарындағы емес, болашаққа сенім ұялататын тарихты жеткізуіміз керек», – деді Нұрбек Ерікұлы.
Сарапшылардың пайымынша, тарих өткеннің жарасын қайта-қайта тырнау құралына айналмауы керек. Ұлттық жады қасіретті ұмыттырмай, одан сабақ алуға және келешекке сеніммен қарауға жетелеуге тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







