Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталып, 24 жылға сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың отбасының адвокаты Ерлан Ғазымжанов 100 миллион алып, үкімді «жеңілдетпек» болған әйел кім екенін айтты, — деп хабарлайды Dalanews.kz.
Адвокат ZTB порталына берген сұхбатында әйел адам адвокаттар мен Бишімбаевтың отбасына көп жазғанын айтады.
«Оны бұғаттап тастасақ та ол оның артында «маңызды адамдар» тіреп тұрғанын айтатын. Ата-анасының үйін тауып алып, баласымен келіп, сөйлескісі келді. Келген кезде белгілі бір сомада ақша берсек үкімді жеңілдетіп бере алатынын айтты. Біз бірден антикорға хабарладық», — дейді Ғазымжанов.
Адвокаттың сөзінше, осылайша Бишімбаевтың отбасы мен антикор бірігіп, әйел адамды ұстаған. Ол ақшаны алып жатқан кезінде ұсталған.
«Ол әйел ұсталды, қазір қамауда отыр. Әйел адам муляж ақшаларды алып жатқан кезінде ұсталды. Бишімбаевтың ата-анасында 100 миллион теңге жоқ», — дейді Ерлан Ғазымжанов.
Еске салайық, бұған дейін Бишімбаевтың үкімін жеңілдетіп беремін деп, 100 млн теңге жымқырған тұрғын ұсталған болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Бишімбаевтың туыстарының өтініші бойынша елорда тұрғыны «Г»-ға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
Ол аса ірі мөлшерде алаяқтыққа оқталғаны, яғни Қ. Бишімбаевтың үкімін жеңілдету сылтауымен алдау арқылы 100 млн теңгені иемдену бойынша күдікті. Сонымен қатар, күдіктінің іс-әрекеті аса ірі мөлшерде пара беруге итермелеу бойынша сараланды.
Оның қылмыстық әрекетінің басқа эпизодтары тексерілуде.Күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды.