Депутат Мұрат Әбенов жүргізушілерді алкогольдік масаң күйге тексеру тәртібін қатаң сынға алып, осы салада азаматтардың құқығы жиі бұзылатынын ашық айтты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, негізгі мәселе алкоголь мөлшерінің шекті деңгейінде ғана емес, сондай-ақ қолданылатын құрылғылардың сапасында, тексеру процедурасының ашық еместігінде және кәсіби медициналық мамандардың жетіспеуінде жатыр.
«Адамдарға нақты ақпарат берілмейді. Қандай құрылғы қолданылады, оның сертификаты бар ма, жоқ па ешкім білмейді. Тексеру нәтижесі мен сертификат нөмірін көрсетпейді. Азаматтардың құқығын бұзу дәл осы жерден басталады», – деді Әбенов журналистер сұрағына жауап бере отырып.
Депутат Қазақстанда осы уақытқа дейін алкогольге қатысты талаптар тым қатаң болғанын атап өтті. Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі бұрынғы ережелердің тым асыра кеткенін мойындап отыр.
«Еуропада қандағы алкогольдің шекті деңгейі 0,5 промилле. Бізде ол нөлге тең болатын. Қазір 0,3 промиллеге дейін көтеру мәселесі талқыланып жатыр. Себебі дәрі-дәрмектер мен басқа факторлар қан құрамында аздап алкоголь көрсеткішін қалдыруы мүмкін. Министрлік те бұрынғы норманың өте қатал болғанын мойындады», – дейді депутат.
Әбенов әлемдік тәжірибеде тексеру құрылғысының көрсеткіші ғана соңғы шешім шығаруға жеткіліксіз екенін алға тартты.
«Халықаралық тәжірибеде тек құрылғы көрсеткішімен шектелмейді. Шешімді нарколог-дәрігер толық тексеру нәтижесіне сүйеніп шығарады. Ал бізде жауапкершілік мейірбике мен фельдшерге жүктелген», – дейді ол.
Сонымен қатар…
Депутат Алматыда болған даулы оқиғаны мысалға келтіріп, полиция тарапынан процедураның өрескел бұзылғанын айтты.
«Әл-Фараби даңғылындағы оқиғада полиция қызметкерлері өте үлкен қателіктер жіберген. Алматыда алкотестер де, нарколог та бар. Неге жүргізушіні жарты сағаттан соң жібере салды? Неге бірден қан талдамасы алынбады, толық тексеру жүргізілмеді?» – деді ол.
Әбенов құқық қорғаушылардың тек статистика үшін немесе біреуді жазалау мақсатында заңды бұзуына жол бермеу керектігін ерекше атап өтті.
«Мен бұл жерде бірінші кезекте азаматтардың құқығы туралы айтып отырмын. Бірақ бұл заң бұзушылар жауапкершіліктен босатылады дегенді білдірмейді. Біреуді жазалау ниетімен заңды аттап кетуге болмайды», – деді мәжілісмен.
Аймақтарда жағдай одан сайын күрделі
Оның айтуынша, шалғай аудандарда маман дәрігерлер, сапалы алкотестерлер мен зертханалар жетіспейді. Соның кесірінен жүргізушілердің толыққанды тексеруге баламасы жоқ.
«Мамандар жоқ, алкотестер дұрыс жұмыс істемейді, зертхана шалғайда. Сондықтан жүргізушілер амалсыз күмәнді құрылғыларға тәуелді болады», – деді Әбенов. Ол полиция қызметкерлерінің алкоголь деңгейін анықтауға қатысуына да күмән келтірді.
«Біздің полиция қызметкерлері медициналық білімі болмаса да, жүргізушінің масаң күйін анықтауға қатысып отыр. Дамыған елдерде мұндай практика жоқ», – деді депутат.
Мұрат Әбенов сөзін қорытындылай келе, жаңа Конституция қабылданғаннан кейін азаматтардың құқықтарын бұзбайтын, әділетті жүйе қалыптастыру қажет екенін мәлімдеді.
«Қандай жағдайда да адамның негізгі құқығы қорғалуы тиіс. Құқық пен жауапкершілік тепе-теңдігі қажет», – деп түйіндеді ол.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







