«Ауыл» партиясынан сайланған Құрылтай депутаты Алмас Мұхаметов FlyArystan әуе компаниясының жолаушыларға көрсеткен дөрекі қарым-қатынасы мен қол жүгіне қатысты талаптарын қатаң сынға алып, Азаматтық авиация комитетінен тәртіп орнатуды талап етті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутат таңертеңгі рейстердің бірінде куә болған оқиғасын әлеуметтік желіде баяндады. Оның айтуынша, ұшаққа отырғызу кезінде кейбір жолаушылардың сөмкесі белгіленген мөлшерден небәрі 500 грамм немесе бір келіге асып кеткен. Алматыда ауа райы ыстық, ал Астанада суық болғандықтан, азаматтар жүгін жеңілдету үшін ішіндегі сырт киімдерін үстеріне киіп алуды сұраған. Алайда әуе компаниясының өкілі бұған мұрсат бермей, адамдарды рейстен түсіріп тастайтынын және полиция шақыратынын айтып қорқытқан. Тіпті жылы киімді қасындағы қол жүгі жоқ өзге жолаушыға ұсынуға да рұқсат етпеген.
Мұхаметов дауға араласып, бір бойжеткенді рейстен қалып қоюдан қорғап қалғанын, бірақ ол бәрібір қосымша ақы төлеуге мәжбүр болғанын жеткізді. Ал екінші жолаушының тағдыры беймәлім күйде қалған, себебі перрондағы автобус оны тастап кеткен.
Таразыларға күмән және жолаушылар наразылығы
Саясаткер әуежайдағы таразылардың дұрыстығына да күмән келтіріп, өлшеу құралдарының тексерістен өткенін растайтын куәлікті талап етті. Әр құрылғы әртүрлі салмақ көрсететінін алға тартқан ол тұтынушыларды негізсіз қыспаққа алуды тоқтату керектігін айтты.
«Мәселе тіпті 500 граммда да емес. Біз сіздердің рейстеріңіздің сағаттап кешігуіне де, рейстердің ауысуына да, жекелеген қызметкерлердің көңіл күйіне де көніп келеміз. Ұшу қажет болғандықтан үндемейміз. Ал жолаушыларды рейстен түсіріп тастаймыз деп қорқыту, хаттама толтыру, айыппұл салу немесе полиция шақыру деген сұмдық қой», – деп жазды депутат.
Аталған жайт қоғамда үлкен резонанс тудырып, тұтынушылардың құқығын қорғау және әуе тасымалындағы бақылауды күшейту мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды. Жолаушылар бұған дейін де отандық лоукостердің қызмет көрсету сапасына бірнеше рет наразылық білдірген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







