Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құруға қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Депутаттың айтуынша, орыс тілін қолдауды емес, орыс тілі қоғамын құру жөніндегі мәселені қозғау керек.
«Менің сөзім бірінші кезекте қазақ қоғамына арналады. Менің айтылмақ сөзімді қоғам түсіністікпен қабылдайды ғой деп ойлаймын. Сыртқы саясатқа байланысты тәмсіл бар: саясат деген соншалықты нәзік дүние, оның нәзіктігі масаның кіші дәреті сияқты. Турасын айтқанда дәрет емес қой, басқа. Бұл ратификациялық заң жобасын орыс тілі мәселесінен бұрын елдің сыртқы саясатын күйттейтін құжат деп қабылдау керек. Осы мәселемен айналысатын құзырлы орган, қоғамға мәймөңке сөз, құрғақ дидактика айту қажет емес. «Қолдауымыз керек» деген сөздің бәрі өтпейді», — деді ол.
Депутат құзырлы органдар қоғамға турасын айтуы керек екенін жеткізді.
«Қазіргі теңселіп тұрған геосаяси жағдайда «Қазақстан Республикасы Президентінің сыртқы дипломатиялық саясаты тұрғысынан түсіну керек мұны» деген тұрғыда айтылуы керек. Біз тілді қолдаймыз дегенімізді ала-құла қоғам қабылдамайды. Қазақстанда орыс тілінің проблемасы жоқ, қазақ тілінің проблемасы бар. Әрбір отбасынан, балалар бақшасынан бастап Ақордаға дейін орыстың тіліне зерекпіз. Қазақтың тілі емен есікті кеңселердің ішінде көп қолданылмайды. Сондықтан қоғамға ашығын айтуымыз керек. Бұл жерде қазіргі геосаяси әлемдегі Қазақстанның жағдайы, бейтарап саясатымыз, Президент Тоқаевтың дипломатиялық саясаты осындай саяси құралдарды пайдалануға ықпал етіп отыр деген тұрғыдағы сөз контексте сезілуі керек. Құр тіл дей бергеннен қоғамды ешқашан тілге иіп келтіре алмаймыз», — деді Бапи.
Мәжіліс депутаты уәкілетті органдардан қоғам тарапынан артыс-тартыс тумауы үшін ақпараттық жоспар дайындауды сұрады.
«Миллиондық әлеуметтік ресурстарға шығыңыздар. Бұл құжат қоғамды екіге жаруға ықпал етпеуі керек. Біз, депутаттар жауап береміз. Әлеуметтік желіде әңгіме болған кезде бізге сұрақ қойылады. Тиісті мемлекеттік органдар қалтарыста қалады. «Сен тимесең, мен тиме, бадырақ көз» деп. Сондықтан осы мәселеге өте жауапкершілікпен қарау керек. Жаңа Президент Тоқаевтың бастамасымен Бішкекте көтерілген мәселе деп айтылып кетті ғой. Сондықтан тікелей басшыларыңыз Президенттің тапсырмасы ретінде қабылдауларыңыз керек деп ойлаймын. Әлемдегі күрделі геосаяси жағдайда ядролық қару салдырлай бастады. Осындай жағдайда біз БАҚ, әлеуметтік ресурстар. блог арқылы осы мәселені қоғамға түсіндіруіміз керек.
Бұл аспаннан жай түскендей болатын тақырып болады. Бізде бұл тақырып онсызда ушығып тұрған дүние болатын. Діттеп келгенде орыс тілінің тағдырына Қазақстанның алаңдайтын жөні жоқ. Бірақ бұл халықаралық қордың құрылуы — Қазақстан үшін тіл мәселесі емес, сыртқы саясатқа қатысты өте маңызды мәселе», — деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, Мәжіліс отырысында депутаттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен көтерілген «Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын талқылап, ратификациялап, Сенатқа жолдады.