Қазақстанда ең төменгі жалақы көлемін 150 мың теңгеге көтеру мәселесі бойынша шешім осы жылдың соңына дейін қабылдануы мүмкін. Дегенмен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жаңа жалақы жүйесін бекітудің бірнеше маңызды кезеңдері бар екенін еске салды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министрдің айтуынша, ең төменгі жалақы көлемін арттырудың негізгі шарты оны есептеудің жаңа әдістемесін әзірлеу және бекіту. Қазір бұл әдістеме медиандық жалақы деңгейін, еңбек өнімділігінің өсу қарқынын және ел экономикасының жалпы көрсеткіштерін негізге ала отырып дайындалып жатыр. Мұндай тәсіл ең төменгі жалақыны елдегі нақты экономикалық жағдайға сай анықтауға мүмкіндік береді.
Алайда, министрлік халықтың жаңа жалақы мөлшеріне қатысты асығыс шешім күтпеуін ескертті. Себебі, өзгеріс алдымен үкімет деңгейінде мұқият талқыланып, бизнес пен бюджетке әсері толық бағалануы тиіс. Сонымен бірге, бюджет заңнамасының барлық талаптары орындалуы керек.
Асқарбек Ертаев бюджет үдерісі ұзаққа созылуы мүмкін екенін айтады, өйткені ең төменгі жалақыны көтеруге қатысты өзгерістер республикалық бюджет туралы заңға енгізіліп, заңнамалық тұрғыда бекітілуі қажет.
Министр халық табысын арттыру үшін осы мәселені жан-жақты қарастырып, біржақты шешімдерден аулақ болу керектігін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа ең төменгі жалақы халықтың әл-ауқатын жақсартумен қатар, экономикаға артық салмақ түсірмеуі тиіс. Осы себепті, үкімет барлық тараптардың мүддесін ескеріп, теңдестірілген шешім қабылдауға мүдделі.
Ең қызығы, осыған дейін танымал депутат ең төменг жалақыны көтеруге үзілді-кесілді қарсы шыққан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







