Эпилепсиямен ауыратын балалардың ата-аналары дабыл қағуда. Балалар бұған дейін тегін алып келген медициналық препараттардың бірі келесі жылдан бастап берілмейтін болды. Ата-аналардың айтуынша, бұл дәріні еліміздің дәріханаларынан еркін сатылымда табу мүмкін емес, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
13 жастағы Нұрайда соңғы екі жылда эпилепсиялық ұстамалар іс жүзінде болмаған – балаларға тегін берілетін «Осполот» препараты көмектесті. Алайда дозасын азайтуға тура келіп, ұстамалар қайта басталды. Келесі жылдан бастап бұл дәрі тегін препараттар тізімінен шығарылып, берілуі тоқтатылатын болғандықтан, үнемдеу режіміне көшуге мәжбүр болдық, дейді қыздың әкесі Бағдат Баймурзин. Нұрайдың жағдайы соншалықты нашарлап, шұғыл ауруханаға жатқызылды. Қазір ол стационарда жатыр.
«Невропатологтардың өздері бізге тек осы дәрі ғана көмектесетінін айтқан, ол шынымен де көмектеседі. Оны қабылдап жүргенімізге екі жылға жуықтады. Екі айға жететін мөлшерде беретін, бірақ әр жолы дау-дамаймен алатынбыз. Қазір ол да жоқ. Өзіміз сатып алайық десек, дәріханаларда сатылмайды», – деді қыздың әкесі Бағдат Баймурзин.
Бүкіл Қазақстан бойынша эпилепсиямен ауыратын балалар дәл осындай күйде. Дәрінің соңғы құтысын ата-аналар көздің қарашығындай сақтап отыр, себебі баланың денсаулығы соған байланысты.
Баламасы жоқ препарат
Алматы тұрғыны Анна Бахарова дәріні тоқтату салдарынан тоғыз жасар қызы Энликаның денсаулығы нашарлайды деп қауіптенеді.
«Мен түрлі инстанцияларға үш мәрте шағым жаздым, маған келетін жауап біреу ғана: препарат 2027 жылдан бастап тізімнен шығарылады, өз дәрігеріңізге барып, дәріні ауыстырыңыз дейді. Бұл препараттың ешқандай баламасы жоқ. Әсер етуші заты сультиам болатын, кем дегенде мен білетін жалғыз дәрі осы», – деді Анна Бахарова.
Оның үстіне, дәріні басқасымен алмастырудың салдары қандай болатыны белгісіз, дейді ата-аналар. Олар Денсаулық сақтау министрлігінен маңызды дәріні беруді тоқтатпауды сұрайды. Себебі бір ғана Ақтөбе облысының өзінде осы препаратпен жеті бала қамтамасыз етілген болатын.
«Қазіргі уақытта бұл дәрілік препарат Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тіркеудің болмауына байланысты сатып алынбайды. Бүгінгі күнге дейін барлық пациенттер қолда бар қор есебінен дәрілік препаратпен қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта пациенттердің емдеу сызбасын өзгерту бойынша жұмыстар басталды», – деп атап өтті Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Әлия Шарбақова.
Ата-аналар баланың жағдайы жақсара бастаған сәтте препаратты алып тастау үшін елге не себепті әкелінгеніне түсінбей отыр. Денсаулық сақтау министрлігі оны немен алмастыруды жоспарлап отырғанын әзірге хабарлаған жоқ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







