Әзербайжандық ұшақтың апатқа ұшырауына ресейлік зымыран себеп болған. Бұл тұралы Euronews жазды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Әзербайжан Үкіметінің дереккөзі Euronews-ке зақымдалған ұшаққа Ресей әуежайларына қонуға рұқсат етілмегенін айтқан.
«Ресейлік «жер-әуе» зымыраны 25 желтоқсанда Ақтауда Әзербайжан ұшағының апатына себеп болды. Бұл туралы Әзербайжан Үкіметіндегі дереккөз біздің арнаға хабарлады», — деп жазылған басылым мәліметінде.
Лайнер Бакуден Грозныйға ұшқан болатын. Басылым дереккөзінің айтуынша, зымыран Шешенстан астанасының аспанындағы дрондардың белсенділігі кезінде атылған, оның сынықтары әуе кемесінің жанында жарылып, оның қаптамасына зақым келтіріп, жолаушылар мен экипаж мүшелеріне тиген.
Сондай-ақ, басылым мәліметінше, Әзербайжан кабинетіндегі дереккөз мынадай ақпарат айтқан: ұшқыштар апат жағдайында қонуды сұраған, бірақ Ресей әуежайларының ешқайсына қонуға рұқсат етілмеген, Каспий теңізі арқылы Ақтау бағытына жіберілген.
«Біздің дереккөзіміз ұшақтың GPS навигациялық жүйелері жолдың осы бөлігінде өшірілгенін айтты. Ал 25 желтоқсанда Шешенстан билігі Грозный үстінде дрондар атып түсірілгенін хабарлады. Куәгерлер Ахмат Қадыров атындағы ІІМ 2-ші арнайы полкінің базасы аумағында кемінде төрт немесе бес жарылыс болғанын хабарлады», — деп жазылған деректе.
Бұған дейін Ресей мен Қазақстанда ұшақтың апатқа ұшырауының басқа нұсқалары айтылды: құстармен соқтығысудан бастап борттағы баллонның жарылуына дейін түрлі нұсқалар болды.