Қазақстанда 2026 жылдың 15 сәуірінен бастап жеке тұлғалардың банк карталарына түскен мобильді аударымдарды тексеру ресми түрде басталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа талап халық арасында түрлі сауал тудырғандықтан, қаржыгер Рүстем Айдарбеков кімдердің «қызыл сызыққа» түсетінін және қандай жағдайда айыппұл төлейтінін түсіндіріп берді.
Қаржыгердің айтуынша, бақылау механизмі іске қосылды, енді алғашқы кезеңде биылғы бірінші тоқсанның мәліметтері талданады.
Кімдер тексеріледі?
«Банктер салық органдарына бірінші тоқсанның деректерін жолдады. Егер сіз үш ай қатарынан ай сайын 100-ден аса аударым қабылдасаңыз немесе аударымдардың жалпы сомасы миллион теңгеден асса, сіздің шотыңыз бірден күдікке ілінеді. Салық органы міндетті түрде хабарласып: «Ақша қайдан түсті?», «Не мақсатпен жұмсалды?», «Кім аударды?» деген сұрақтарды қояды. Туыстардан түскенін немесе жеке мақсатқа жиналғанын дәлелдеуіңіз қажет», – дейді Рүстем Айдарбеков.
Жеке кәсіпкер мен жасырын бизнесмендерге айыппұл қалай салынады?
Қаржыгер тексеру нәтижесі салық төлеушінің статусына байланысты екенін ескертеді. Тіпті жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болсаңыз да, төлемді жеке картаға қабылдап, фискалды чек бермей, ресми рәсімдемесеңіз, жазаға тартыласыз.
«Жеке кәсіпкер болып тіркелсеңіз де, жеке карта арқылы жасалған бейресми төлемдер үшін айыппұл салынады. Сонымен қатар бұрын жасалған барлық төлемдерден салықты қайта есептеп, қосымша төлеуге мәжбүр боласыз», – деді ол.
Егер жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаныңыз анықталса, жаза одан да қатаң болмақ.
«Мұндай жағдайда 15-тен 100 АЕК-ке дейін айыппұл төленеді. 2026 жылы 1 АЕК – 4325 теңге, сондықтан айыппұлдың көлемі 430 мың теңгеге дейін жетеді. Бұған қоса салық органдары барлық анықталған сомадан өз әдісімен салық есептеп, қосымша міндетті түрде төлетеді», – дейді Айдарбеков.
«Қулықтың» көмегі жоқ: барлығы бірыңғай базада жазылады
Кей кәсіпкерлер тексерістен қашу үшін аударым санын айына 80–90-нан асырмай әдейі шектеп отырады. Бірақ қаржыгердің сөзінше, жақын арада барлық табысты жасыру мүмкін болмайды. Өйткені цифрлық бақылаудың бірыңғай базасы іске қосылады.
«Жақында «Бірыңғай деректер базасы» пайда болады. Ол жерге әрбір қазақстандықтың барлық қимылы тіркеледі. 250 мың теңгелік айыппұл да, 500 мың теңгеге сатып алынған ұшақ билеті де сол жерден көрінеді. «Ресми табысы төмен адамға мұндай ақша қайдан түсті?» деген заңды сұрақ туады. Сіздің барлық мобильді аударымдарыңыз ашық көрініп тұрады. Кіммен, қашан, қайда ұштыңыз – бәрі бір базада сақталады. Кез келген тексеруші бір батырманы басып-ақ жеке деректеріңізді шығара алады. Нағыз қызық енді басталады», – деп түйіндеді Айдарбеков.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







