Мәжіліс отырысында депутат Серік Ерубаев көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл салатын норманы қайта қарауды ұсынды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Депутаттың айтуынша, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу туралы заң жобасын талқылау барысында бірқатар депутат сынға алып, заң жобасын қолдамаған.
«Негізсіз айыппұлдарды қолданудан ең алдымен кәсіпкерлер мен көлік жүргізушілері зардап шегетіні баршаға мәлім. Бір мысал ретінде кең резонанс алған, тұрақта қозғалтқышы бес минуттан аса жұмыс істеп тұрғаны үшін айыппұл салуды келтіруге болады», — деді ол.
Серік Ерубаевтың сөзінше, мұндай санкция кәсіпкерлер үшін үлкен мәселе тудырып отыр, өйткені тауарларды үй жанындағы дүкендерге тиеу және түсіру кезінде бес минуттан көп уақыт кетеді, ал қозғалтқышты минус 20 градус немесе одан да көп температурада өшіру мүмкін емес.
«Орталық және солтүстік аймақтарда қатты аяз болған кезде көлікті жылытуға 5 минуттан көп уақыт кететіні анық», — деді ол.
Депутат бұл бағытта маңызды ұсыныс жасады.
«Аймақтардың температура режимі мен климатын ескере отырып, көліктің қозғалтқышы 5 минуттан артық жұмыс істеу туралы норманы қайта қарау керек деп санаймыз».