Ресей «дос» санайтын елдердің Путинге деген сеніміне ұзақ жылға селкеу түсті. Бұл туралы The Moscow Times жазды, – деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Басылым мәліметіне сүйенсек, Владимир Путиннің Батысқа қатысты көзқарасы және Жаһандық Оңтүстік елдеріне шағымдары Кремль «дос» тұтатын елдерге жақпай қалған.
Латын Америкасы мемлекеттеріндегі тұрғындар, сондай-ақ, Ресейдің сауда байланысында негізгі серіктестер — Үндістан мен Түркия халықтарының Ресей Федерациясының президентіне деген сеніміне ұзақ жылға селкеу түскен. Мұны Pew Research Сenter сауалнамасы көрсетті.
«Кремль «стратегиялық серіктес» деп атайтын Үндістанда азаматтардың небары 39 пайызы Путин халықаралық аренада дұрыс әрекет ете алады деп санайды. Ресей президентіне деген сенім рейтингі алдыңғы зерттеумен салыстырғанда 3 пайызға төмендеген, ал оның қазіргі мәні — 2017 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш», — деп жазылған мәліметте.
Путиннің өзі Ресейдің «ең сенімді серіктесі» деп атаған Түркияда да Путинге деген сенім деңгейі 7 жыл бұрынғы деңгейіне түсті. Түркия азаматтарының 29 пайызы ғана Путинді халықаралық істерде сенуге болатын адам деп көрсеткен.
«Бразилия мен Чилиде Путинге деген сенім деңгейі барлық зерттеу кезеңіндегі ең төменгі шекке (2007 жылдан бастап) түсті, сәйкесінше 10 және 12 пайызға төмендеді. Колумбияда респонденттердің 18 пайызы Ресей президентіне сенім білдірді, бұл 10 жылдағы ең нашар нәтиже болды. Мексикада Путиннің рейтингі бір жыл ішінде 1 пайыздық тармаққа төмендеп, 2018 жылдан бергі ең нашар көрсеткіш 24 пайызға дейін түсіп кетті», — делінген мәліметте.
Pew зерттеуінде қамтылған Жаһандық Оңтүстіктің 20 елінің екеуінде ғана азаматтардың жартысынан көбі жаһандық істерде Путинге сенім білдірді: бұл — Малайзия (61%) және Филиппин (59%) елдері. Сондай-ақ, Ресей Федерациясының президенті Бангладеште (50%) және Кенияда (47%) салыстырмалы түрде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.
Pew сауалнамасына сәйкес, Африка елі Ганада Путиннің рейтингі ең төменгі деңгейге дейін түсті — 33%.
«Зерттеу жүргізілген 35 елдегі адамдардың 65 пайызы Ресейді төмен бағалайды, ал 28 пайызы оң пікірде. Сонымен қатар, Путинге деген көзқарас жалпы Ресейге деген көзқарасқа қарағанда айтарлықтай нашар: 73 пайызы оның халықаралық істерде дұрыс әрекет ете алатынына сенбейді, ал 21 пайызы оған сенеді», — деп жазылған басылым мәліметінде.