Депутат Бақытжан Базарбек су қоймалары мен өзен жағалауларын мемлекет меншігіне қайтару мәселесіне сот бақылауын күшейтуді талап етті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутат Конституцияда табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені нақты жазылса да, іс жүзінде су қорының едәуір бөлігі жеке тұлғалардың қолында қалып отырғанына алаңдаушылық білдірді.
Оның айтуынша, Алматы облысында соттар кейбір су қоймаларын мемлекет меншігіне қайтару туралы талаптарды қанағаттандырғанымен, дәл сондай өзге істерде қарама-қайшы шешімдер шығарған. Мұндай жағдай сот тәжірибесінің бірізділігіне күмән тудырады.
«Болат Назарбаевтың ықпалымен кезінде бір адамның қолына заңсыз өтіп кеткен Алматы облысының төрт ірі су қоймасы мемлекетке қайтарылды», – деді депутат.
Алайда…
Қапшағай су қоймасы маңындағы су қорғау аймақтары бойынша сот шешімдері әлі де қарама-қайшы қалып отыр. Кейбір істерде соттар заң бұзушылықтарды мойындаса, енді бірінде мемлекеттік органдардың шағымын қанағаттандырудан бас тартып отыр.
Базарбек Жер және Су кодекстеріне сүйеніп, мұндай аумақтардың жеке меншікте болуы заңсыз екенін, сондықтан сот шешімдері де біркелкі болуы керектігін атап өтті.
«Заң барлығына ортақ, олигархтарға арналған бөлек әділет болмауы тиіс», – деді депутат.
Осыған байланысты ол Бас прокурорға Қапшағай су қоймасы мен Іле өзеніне қатысты жерлерді мемлекетке қайтару бойынша сот істерін ерекше бақылауға алуды ұсынды. Сонымен қатар, тағы 65 жер телімі бойынша қосымша шағым түсіріп, оларды жеке меншіктен шығаруды талап етті.
Депутат мұнымен шектелген жоқ. Базарбек атышулы Құлыбаевқа қатысты тың мәліметпен бөлісті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







