«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Қонаев қаласындағы «Көшпенділер» қалашығы аумағында жалпы облыстық сенбілік өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Акция барысында маңызы зор мәдени нысанның айналасы қоқыстан тазартылып, аумаққа ағаш отырғызылды. Іс-шараға мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жеке ұйым өкілдері, діни бірлестіктер мүшелері, жастар, еріктілер, үкіметтік емес ұйымдар және эко белсенділер қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев бұл бастаманың тәрбиелік мәні жоғары екенін айтты. Оның сөзінше, Іле өзенінің жағасындағы «Көшпенділер» қалашығы алдағы уақытта маңызды туристік нысанның біріне айналуы мүмкін. Сол себепті келушілерге жайлы орта қалыптастыру үшін аталған аумақта экопарк салу жоспары қарастырылып отыр. Оның пікірінше, мұндай қадам өңірдің туристік әлеуетін күшейтеді.
Сенбілікке шамамен 300 адам қатысып, «Көшпенділер» қалашығының маңына 500 түп ағаш егілді. Сонымен бірге Іле өзенінің жағалауы тазартылды. Шараға қатысушылар табиғатты аялау мен қоршаған ортаны таза ұстау әр адамға ортақ міндет екенін айтты.
Қонаев қаласындағы Абай мешітінің наиб имамы Хожанепес Сейітұлы да табиғатты қорғау ісіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, ағаш отырғызу қоршаған ортаға да, адамзатқа да пайдалы. Сондықтан тал егуге жауапкершілікпен қарау керек.

Облыс әкімдігінің мәліметіне сәйкес, аймақ бойынша өткен сенбілікке 32 мыңға жуық адам қатысқан. Жұмысқа 225 техника жұмылдырылып, 264 тонна қоқыс шығарылған. Онымен қатар 17 800 түп ағаш отырғызылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өңірде осылай нақты іспен жалғасып жатыр. Осындай сенбіліктер табиғатты қорғау мәдениетін күшейтіп қана қоймай, елді мекендердің келбетін жақсартуға да әсер етіп отыр.
Алматы облысының Қарасай ауданында қоқысты жай көміп қоятын емес, оны сұрыптап, қайта өңдеп, экономикалық айналымға қайта қосатын жаңа өндірістік жоба іске аса бастады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

