Қазақстанда бір адамның бірнеше банктен кредит картасын қатар рәсімдеуіне заң бойынша тыйым жоқ, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мысалы, Halyk, ForteBank, Home Credit немесе басқа банктің кредит картасын бір мезгілде ұстауға болады. Әр банк жеке кредитор саналады, ал клиентпен қарым-қатынас бөлек шарт арқылы реттеледі. Яғни заң тұрғысынан бір азаматтың бірнеше кредит картасы болуы қалыпты жағдай.
Банк бәрін көріп отыр
Қазақстанның «Банктер және банк қызметі туралы» заңында да, «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңда да жеке тұлғаға бірнеше банктен кредит картасын алуға тыйым салатын норма жоқ. Оның үстіне кредит карталары үшін жеңілдетілген тәртіп қарастырылған.
Егер карта лимиті 150 АЕК-тен аспаса, банк оны жеңілдетілген режимде бере алады. 2026 жылы АЕК 3 932 теңге болғандықтан, аталған шек шамамен 589 800 теңгені құрайды. Сондықтан аз лимиті бар кредит карталары кейде бірнеше минут ішінде онлайн рәсімделеді.
Дегенмен заң рұқсат бергенімен, іс жүзінде үш маңызды кедергі бар. Біріншісі – кредит бюросы. Әр банк клиентке карта бермес бұрын оның кредит тарихын тексереді. Онда барлық несие, кредит картасы, бөліп төлеу және өзге міндеттемелер көрінеді. Егер азаматта бір банктен 500 мың теңге, екіншісінен 300 мың теңге лимиті бар карта болса, үшінші банк оны бірден көреді.
Маңызды тұсы пайдаланылмаған лимит те жүктеме ретінде есептелуі мүмкін. Яғни сіз 1 миллион теңге лимиті бар картаны мүлде қолданбасаңыз да, банк оны әлеуетті қарыз ретінде қабылдайды. Кей банктер скоринг кезінде пайдаланылмаған лимиттің 30-50 пайызын ықтимал міндеттеме ретінде есепке алады.
Екінші кедергі – борыштық жүктеме коэффициенті. Қазақстанда кепілсіз кредиттер бойынша шекті көрсеткіш 50 пайыз деңгейінде белгіленген. Яғни адамның барлық несие бойынша ай сайынғы төлемі оның орташа айлық табысының жартысынан аспауы керек. Кредит карталары бойынша банк әдетте лимиттің 5-10 пайызын ай сайынғы ықтимал төлем ретінде есептейді.
Мысалы, адамның айлық табысы 400 мың теңге болса, Kaspi картасында 500 мың теңге, Halyk картасында 400 мың теңге, ForteBank картасында 300 мың теңге лимит тұр делік. Банк 5 пайыздық есеппен оларды тиісінше 25 мың, 20 мың және 15 мың теңге ай сайынғы төлем ретінде қарастыруы мүмкін.
Банк скорингі нені есептейді?
Жалпы жүктеме 60 мың теңге болады. Бұл табыстың 15 пайызы ғана. Бірақ оған автонесие немесе тұтынушылық кредит қосылса, көрсеткіш тез арада 50 пайызға жақындайды. Сол кезде жаңа карта мақұлданбауы мүмкін.
Үшінші кедергі – ерікті түрде кредит алуға тыйым қою және биометрия. Азамат eGov арқылы немесе кредит бюросында өз атына несие рәсімдеуге ерікті шектеу қоя алады. Мұндай тыйым тұрса, банк кез келген өтінішті автоматты түрде қабылдамайды. Бұл алаяқтардан қорғануға пайдалы құрал, бірақ кейін карта алғысы келген адам алдымен сол шектеуді алып тастауы керек.
Тағы бір маңызды талап бар. Кредит тарихы мүлде жоқ адам алғашқы картасын онлайн емес, банкке жеке барып, биометриялық сәйкестендіруден кейін ғана алуы мүмкін. Яғни банк клиенттің кім екенін нақты растауға міндетті.
Бірнеше кредит картасын пайдаланғысы келетіндер үшін ең дұрыс жол – карталарды бірден емес, кезең-кезеңімен рәсімдеу. Қысқа уақытта бірнеше банкке өтініш беру скоринг жүйесі үшін күмәнді белгі болуы мүмкін. Әр өтініш кредит есебінде тіркеледі.
Пайызсыз деп алданып қалмаңыз
Қолданбайтын картаны да уақытында жабу қажет. Ашық тұрған лимит келесі өтініш кезінде борыштық жүктемеге әсер етеді. Картада қарыз жоқ болса да, банк оны ықтимал міндеттеме ретінде көруі мүмкін.
Сондай-ақ тек жарнамадағы «пайызсыз кезеңге» сеніп қалмаған жөн. Егер клиент грейс-кезеңге үлгермесе, картаның нақты құны жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі арқылы есептеледі. Қазақстан банктерінде ол карта түріне қарай 20 пайыздан 60 пайыздан жоғары деңгейге дейін баруы мүмкін.
Қысқасы, бірнеше банктен кредит картасын ұстау заңды. Бірақ шешімді заң емес, банк скорингі, кредит бюросы және борыштық жүктеме анықтайды. Әр жаңа карта қаржылық еркіндікті кеңейтетіндей көрінгенімен, келесі өтініш кезінде мүмкіндікті тарылтады.
Сондықтан үшінші немесе төртінші картаны рәсімдемес бұрын өз кредит есебіңізді тексерген дұрыс. Қазақстанда оны жылына бір рет тегін алуға болады. Сонда банк сізді қалай көретінін алдын ала түсінесіз. Кредит картасы ыңғайлы құрал болуы мүмкін, бірақ тәртіпсіз қолданылса, пайызсыз кезеңнің өзі қарыздың жаңа қақпасына айналып кетеді.
Айтқандай, Ұлттық банк Қазақстанда бөліп төлеу және BNPL сервистеріне қатысты жаңа талаптар енгізбекші.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







