Қазақстандағы алғашқы Құрылтай сайлауы қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссиясының өкілі, ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Т.Р. Мидхунның айтуынша, байқаушылар әзірге заң бұзу дерегін тіркемеген және шағым алмаған, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы ол Астанадағы Халықаралық байқаушыларға жәрдемдесу орталығында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. ШЫҰ өкілдері Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық пен дауыс беру барысын халықаралық байқау миссиясы аясында қадағалап отыр.
Миссия мүшелері Қазақстанға 20 тамызда келген. Сайлау алдында олар түрлі учаскелерді аралап, ұйымдастыру жұмыстары мен дауыс беруге жасалған жағдайды бағалаған.
Т.Р. Мидхунның айтуынша, бүгін байқаушылар таңғы сағат 06:30-дан бастап Астананың бірнеше ауданындағы сайлау учаскелеріне барған.
– Қазіргі уақытқа дейін біз ешқандай заң бұзу дерегін байқаған жоқпыз және ешқандай шағым түскен жоқ. Дегенмен процесс әлі жалғасып жатыр. Командамыз байқауды жалғастырады, ал ертең жұмыстың қорытындысын шығарамыз. Осы уақытқа дейін күрделі мәселе болған жоқ. Меніңше, бәрі ойдағыдай өтіп жатыр, – деді ол.
ШЫҰ миссиясы құрамында Ұйымға мүше алты мемлекеттен келген 17 халықаралық байқаушы аккредиттелген. Олардың арасында заң шығарушы, атқарушы және сайлау органдарының өкілдері, Қазақстандағы дипломатиялық миссия қызметкерлері және ШЫҰ Хатшылығының лауазымды тұлғалары бар.
Миссия мүшелері сайлау учаскелері ашылған сәттен бастап бақылау жұмысына кіріскен. Олар дауыс беру процесінің ұйымдастырылуын, сайлаушыларға жасалған жағдайды және учаскелік комиссиялардың жұмысын зерделеді.
Байқаушылар Астана қаласы мен Ақмола облысындағы сайлау учаскелерінде болды. Т.Р. Мидхунның айтуынша, миссия өкілдері бақылау бағыттарын өз бетінше таңдап, учаскелерді еркін аралап жүр.
«Миссия мүшелері дауыс беру учаскелерін еркін аралап, бақылау бағыттарын өздері айқындауда. Біздің жұмысымыз үшін қажетті жағдай жасалған», – деді ШЫҰ өкілі.
Миссия Құрылтай сайлауын бақылауды дауыс беру аяқталғанға дейін жалғастырады. Түпкілікті қорытынды дауыс беру процесі мен кейінгі рәсімдер толық аяқталған соң жарияланбақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







