Тележүргізуші Дана Нұржігіт актриса Меруерт Өтекешованың журналист Майя Бекбаеваға берген сұхбатын көріп, жан тебірентер пікірін білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Дана Нұржігіт фильмді түнгі төртте көріп, таңға дейін көз іле алмай, көз жасына ерік бергенін жазды.
Тележүргізушінің айтуынша, бала кезінде «Қыз Жібектің» бейнесіне ерекше ғашық болып, тіпті оның суреті бар күнтізбені жастанып ұйықтаған екен.
«Қыз Жібектің киноэкрандағы ғажап бейнесі менің балалық шағымның ең бір қымбат естелігі еді. Оның өміріндегі қиындықтар туралы кейде құлағыма шалынып қалса да, ешқашан сұрауға батылым жетпеген. Ал енді бұл сұхбат мені терең күйзеліске түсірді. Осындай періште бейнесі бар адам неге өмірдің ауыр сынақтарына тап болды екен? Ол махаббаттың, өнердің құлы болды, өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көтеріп келеді», – деп жазды Дана Нұржігіт.
Тележүргізуші актрисаның өнер жолындағы жанқиярлығын да ерекше атап өтті. Кеңес одағы ыдырап жатқанда, әйгілі «Қыз Жібек» фильмінің түпнұсқасын Мәскеудегі «Мосфильм» архивінен шығарып алу үшін халықтан қаражат жинағанын да айтты.
«Ол батырлық жасады. Киноның тағдыры қыл үстінде тұрғанда, бүкіл елдің жауһарын сақтап қалды. Ұлының қазасын, жұбайының өмірден озуын, қызының ауыр науқасын көтерді.
Баласын емдету үшін баспанасын сатып, қазір 75 жасында Астанада пәтер жалдап тұрады. Халық әртісі болса да, әлі күнге дейін 30 жастағыдай еңбек етіп жүр. Мемлекет алдында абыройлы тұлға болса да, ол ешқашан көмек сұрамады. Үй ішімен Астанада пәтер жалдап тұратыны үш ұйықтасам, түсіме кірмейтін, ақылға сыймайтын ӘДІЛЕТСІЗДІК.
Қайсарлығының шегі қайда еді? Осындай жанның жүрегін жарып, жан сырын айтуға дейін жеткізген не нәрсе болды екен?!», – деп Дана Нұржігіт таңданысын жасырмады.
Тележүргізуші сөз соңында Меруерт Өтекешоваға қолдау білдіріп, оның елдің асыл қазынасы екенін атап өтті.
«Бұл ұрпақ барға-қанағат,жоққа-шүкір деп өскен жанкешті ұрпақ. Жанына батып жатса да,үн қатып,алақан жаймайды,арланады. “Менен де жағдайы нашарлар бар ғой” дейді. Қадірлі Меруерт Қаратайқызы, сіз елдің баға жетпес қазынасысыз. Бұлай болмауы керек еді. Бәрі өзгереді, көресіз. Сізді жүрегіммен құшақтаймын!» – деді Дана Нұржігіт.
Айта кетелік, бұған дейін танымал продюсер Баян Алагөзова қазақтың «Қыз Жібегіне» өмір бойы 1 млн теңге төлеп тұратынын хабарлаған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







