Павлодар облысындағы «Майқайыңалтын» АҚ маңында жарты жыл бұрын адамдар отырған автобус жер астына түсіп кеткен еді. Бүгін бір құтқарушының денесі табылды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігі мәліметінше, 19 шілдеде «Майқайыңалтын» АҚ күшімен жер қазу жұмыстарын жүргізу кезінде 70 метр тереңдікте бір құтқарушының денесі табылды, ол 4 қаңтарда «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС-нің тағы үш құтқарушысымен бірге автобуста жұмыс істемейтін шахтаның тазарту кеңістігіне құлаған.
«Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу орнына Павлодар облысы ТЖД құтқарушылары келді, олар «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС-мен бірлесіп денені жер бетіне көтеріп, жедел-тергеу тобына тапсырды. Қайтыс болған адамның туыстарына психологиялық көмек көрсету үшін ТЖД психологы да келді», — деп жазылған мәліметте.
Айта кетейік, оқиға болған күні Павлодар облысы ТЖД құтқарушылары 2 денені тауып, жер бетіне көтерген болатын. Кейін жұмыстар тоқтатылды, алайда біраз уақыт бұрын қайта жанданды.