Майқайыңда соңғы құтқарушының денесі табылды. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Майқайың-алтын» АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде іздестіру жұмыстарын жүргізу кезінде соңғы құтқарушы — жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесі табылды. Құтқарушының денесі жоғары көтеріліп, сараптама жүргізу үшін жедел-тергеу тобына берілді», — деді өңір әкімі.
4 қаңтар күні Майқайың кенішінің жанында жұмыс істемейтін шахтаның тазарту кеңістігіне «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС құтқарушылары отырған автобус құлап кеткен болатын.
«Осы қайғылы оқиғадан кейін 7 ай уақыт өтті. Осы уақыт ішінде, қаза болған жандардың туыстары сияқты, біз де жоғалған құтқарушыларды табамыз деген үмітте болдық. Айып Тілеубергеновтің туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Марқұмға иман байлығын берсін. Іздестіру жұмыстарына әр түрлі мамандар мен сарапшылар, тау-кен ісінің ардагерлері, кинологтар, арнайы техника мен дрондар тартылды, өңірдің барлық авариялық-құтқару қызметтері жұмылдырылды. Жоғалған адамдарды табу үшін күндіз-түні жұмыс істеген барлық жанға алғыс айтамын. Өкінішке орай, адамдарды құтқаруға деген үміт қайғыға алмасты», — деді Байханов.