Маңғыстау облысында 23 сәуір – Ұлттық кітап күні кең көлемде аталып өтті. Бұл күні кітап оқуды насихаттап, оқырман мәдениетін қалыптастыру мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ақтаудағы Қ.Сыдиықов атындағы облыстық кітапханада ашық есік күні ұйымдастырылып, «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы өтті. Келушілер кітап жәрмеңкесін аралап, жаңа басылымдармен танысты. Интеллектуалды ойындар мен викториналар да оқырмандардың қызығушылығын арттырды.
Облыстық білім басқармасының бастамасымен «Кітапхана трансформациясы: тәжірибе, трендтер, тәсілдер» тақырыбында семинар өтті. Семинарда кітапхана жұмысын жетілдіру, балалардың кітапқа қызығушылығын арттыру мәселелері талқыланды. Практикалық бөлімде қатысушылар тәжірибе алмасып, қазіргі заманғы жұмыс тәсілдерін ортаға салды.
«Жасанды интеллект пен кітапхана: білімнің жаңа көпірі», «Қазіргі балалар және рухани құндылықтар» атты пікірталастар ұйымдастырылды. Семинар соңында үздік педагогтар мен кітапханашылар арнайы марапаттарға ие болды.
Ақтау мектептерінде «Book Time: шабыт алаңы» атты READx форматындағы шара өткізілді. Оқушылар өздерінің сүйікті кітаптары туралы пікірлерімен бөлісіп, белсенділік танытты.

Түпқараған ауданында «Кітап пен кітапханашы – білімнің қос қанаты» атты форум ұйымдастырылды. Форум барысында үздік кітапханашылар аудан әкімінің марапатына ие болды. Сондай-ақ кітапхана ісінің ардагері Әсем Мұқанқызының 75 жас мерейтойы кеңінен атап өтілді.
Форум соңында «Жылдың үздік оқырманы», «Ең белсенді оқырман», «Үздік оқырман отбасы» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталып, марапатталды.
Жалпы, Маңғыстау облысындағы Ұлттық кітап күні кітаптың қоғам өміріндегі маңызын арттырып, жастардың кітап оқуға қызығушылығын күшейтуге бағытталған мазмұнды іс-шараларға толы болды.
Таяуда Маңғыстау облысы әкімі Нұрдәулет Қилыбай экономиканы әртараптандыру мен халықтың әл-ауқатын нақты көтеру бойынша Қоғамдық кеңес мүшелерімен есептік кездесу өткізіп, өңірдің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын таныстырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







