Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Иран Ислам Республикасының Ақтау қаласындағы жаңадан тағайындалған Бас консулы Джафар Заманимен кездесті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесуде тараптар өңір мен Иран арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады. Әсіресе инвестиция, көлік-логистика, туризм, мәдени-гуманитарлық байланыс, балық шаруашылығы және ауыл шаруашылығы салаларына басымдық берілді. Сонымен қатар виза рәсімдеу, көші-қон және кеден саласындағы өзекті мәселелер де қаралды.
Нұрдәулет Қилыбай Джафар Заманиді жаңа қызметімен құттықтап, Маңғыстау облысының Каспий маңындағы көлік-логистикалық және инвестициялық әлеуетіне тоқталды. Облыс әкімінің айтуынша, өңір бүгінде халықаралық транзиттік бағыттар тоғысатын маңызды хабтардың біріне айналып келеді.
– Маңғыстау облысы бүгінде Каспий маңындағы маңызды көлік-логистикалық және инвестициялық хабтардың біріне айналып келеді. Өңірде порт инфрақұрылымы қарқынды дамып, халықаралық транзиттік бағыттар кеңейіп жатыр. Біз инвесторлармен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайтуға дайынбыз, – деді облыс әкімі.
Иран тарапы да Маңғыстау облысының экономикалық мүмкіндігіне жоғары баға берді. Джафар Замани өңірмен әріптестікті одан әрі дамытуға қызығушылық бар екенін жеткізді.
Маңғыстау үшін Иранмен байланыс Каспий теңізі арқылы өтетін сауда, порт логистикасы және өңірлік транзит тұрғысынан маңызды. Ақтау мен Құрық порттарының әлеуеті, теңіз тасымалы, ауыл шаруашылығы өнімдерін алмасу және балық шаруашылығы бағытындағы жобалар екі тарап үшін де тиімді болуы мүмкін.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы сыртқы сауда айналымы 39,7 млн АҚШ долларын құрады. Қазір өңірде Иран капиталының қатысуымен 77 кәсіпорын тіркелген. Бұл көрсеткіш екі тарап арасындағы экономикалық байланысты кеңейтуге негіз бар екенін көрсетеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







