Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қарасай ауданындағы олимпиадалық дайындық орталығында Париж Олимпиадасының жолдамасын ұтып алған спортшылармен кездесті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кездесу алдында өңір басшысы спортшылардың дайындығына арналған орталықты аралап, әсіресе «Атыс кешеніндегі» жаттығу базасының мүмкіндігін бағамдады. Бүгінде Алматы облысынан Олимпиадаға жол тартатын бес атлет – балуан Демеу Жадраев, стендтік атушылар Әсем Орынбай, Мария Дмитриенко, Эдуард Лещенко және оқ атудан сынға түсетін Никита Чирюкин дүбірлі дода алдындағы соңғы әзірліктерін пысықтауда.
Қазақстан спорттық атыс федерациясының басшысы Берік Асылов онлайн байланыс арқылы құттықтау сөз сөйлеп, спортшылар мен бапкерлердің қажырлы еңбегін ерекше атап өтті.
«Қазақстан құрамасында Олимпиадаға аттанатын 80 атлеттің 9-ы – дәл осы спорттық атудан. Оның төртеуі – Алматы облысынан. Бұл сіздердің кәсіби деңгейлеріңізді көрсетеді. Еліміздің сенімін ақтап, абыроймен оралуларыңызға тілектеспін», – деді федерация президенті.
Әкімнің мотивациясы
Өз кезегінде облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Париждегі Олимпиаданың жекелеген спортшылар ғана емес, күллі Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройы сыналатын айтулы жарыс екенін жеткізді.
«Олимпиада ойындары – жай жарыс емес, әр спортшының ғұмырындағы ерекше меже. Бұл додада ел намысын қорғау – сіздерге жүктелген зор міндет әрі абыройлы парыз. Париж төрінде Қазақстанның спорттық әлеуетін паш етіп, әлемнің үздіктерімен тең деңгейде өнер көрсететіндеріңізге сенімім мол. Тарихтың жаңа бетіне есімдеріңізді жазып қайтыңыздар!» – деді облыс басшысы.
Кездесу барысында спортшылар да облыс әкімдігі тарапынан жасалып отырған қолдау мен қамқорлыққа ризашылықтарын білдірді.
«Спортшыларға жасалған қолдау – біз үшін ерекше мотивация. Дайындық базамызда, жаттығу алаңдарында жасалған жағдайлар бізге үлкен сенім беруде. Ендігі мақсат – Париж Олимпиадасында Қазақстанның көк туын желбірету», – деді стендтік атудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әсем Орынбай.
Іс-шара соңында облыс басшысы Олимпиада лицензиясына ие болған спортшыларға арнайы ақшалай сертификаттар (әрқайсысына 1,5 млн теңге) табыс етті.
Айта кетейік, грек-рим күресінен Демеу Жадраев пен стендтік атудан Әсем Орынбай және Мария Дмитриенко Олимпиада ойындарына екінші мәрте қатысса, Эдуард Лещенко (стендтік ату) мен Никита Чирюкин (оқ ату) төрт жылдық доданың көрігін тұңғыш рет қыздырмақ.
Париж Олимпиадасы 26 шілдеде басталып, 32 спорт түрінен жалпы саны 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан құрамасы спорттың 25 түрінен 80 атлетпен сынға түседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

