Желіде Атыраудың экс-әкімі, саясаткер Бергей Рысқалиевтың Лондондағы Назарбаев тұрған үйді торуылдап жүрген видеосы таралды. Бұл туралы Fragment арнасы жазды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
“Құрметті халайық, мына жерде диктатор Назарбаев қазақтардан қашып кетті. Ол — қазақтың жауы, нөмір бірінші ұры. Оны білір қойыңыздар. Себебі бұл сияқты ұры 200 млрд Қазақстанды ұрлап кеткен. Екі поколение қазақты тақырға отырғызған мұндай ұры дүниежүзінде жоқ. Диктаторлардың түр-түрі бар. Бұның ішіндегі ең азығыны — осы адам.
Міне, өзінің қазақтарынан қашып, 50 күзетшісімен бірге осы жерден қашып кетті. Сондықтан міне біліп отырыңдар бұл ит өз қазағынан қашып, өмір бойы осылай жүретін адам. Дүниежүзінде бұған ешқашан жақсылық болмайды. Қалған өмірін осылай өткізеді. Бұны батыс елдерінде, барлық жерде, бүкіл қазақ артынан қуып жүретін болады. Кеше де қашты, бүгін де қашып кетті», — дейді Бергей.
Арна мәліметінше, ағайынды Рысқалиевтердің үстінен қозғалған қылмыстық істе түсініксіз тұстар көп. Алдымен сот үкімі арқылы олардың дүние-мүлкі тәркіленген, кейін «ескі Қазақстан» Бергейдің біраз байлығын өзіне қайтарып берді.
Мәжілісмен Ермұрат Бапи бұған дейін «Бергейдің Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы компроматы бар» деп мәлімдеген болатын.
Бергей Сәулебайұлы Рысқалиев 1967 жылы Атырау облысының Мақат ауданында туған. Негізгі мамандығы – архитектор-құрылысшы. Оған қоса заңгер.
Еңбек өтілін 1991 қарапайым мастер ретінде бастаған ол 2006 жылдан 2012 жылға дейін Атырау облысының әкімі болып қызмет атқарды.
2011 жылы Жаңаөзенде және Шетпеде халыққа оқ атылып, қан төгілгені белгілі. Осы оқиғадан кейін көп ұзамай Б.Рысқалиев қызметінен босатылып, артынша шекара асқан. Кейбір деректерге қарағанда, ол қазір Лондонда тұрады.
Fragment-тің байқауынша, соңғы кезде Рысқалиев әлемжелідегі белсенділігін күрт күшейткен. Желіде саясаткердің сөзін қостап, пікірін қолдайтын жеке парақшалар да көптеп ашылуда.