Павлодарда мал ұрлығын тоқтату, ет өнімдерінің заңсыз саудасын анықтау және ветеринариялық-санитариялық талаптардың сақталуын бақылау мақсатында жедел-профилактикалық іс-шара өтіп жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Полиция қызметкерлері ветеринариялық инспекторлармен бірге сауда орындарын, базарларды, мал және ет өнімдерін тасымалдау бағыттарын тексеруде. Рейд барысында қалаға кіреберіс жолдар мен қала сыртындағы тасжолдарда он мобильді бақылау бекеті ұйымдастырылды.
Бекеттерде көліктер тоқтатылып, тасымалданатын жүкке берілген ветеринариялық құжаттар тексеріледі. Мамандар жануарлардың құлақ сырғасын, ет өнімдеріндегі ветеринариялық таңбаны және өнімнің шығу тегін растайтын құжаттарды да назарға алып отыр.
Мұндай бақылау «Заң мен Тәртіп» қағидатын күнделікті өмірде орнықтыру үшін маңызды. Мал ұрлығы ауыл тұрғындарының еңбегіне және мүлкіне қол сұғу болса, тексерілмеген етті саудалау халықтың денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Сондықтан заң талаптарын сақтау полиция мен ветеринар мамандарына ғана емес, мал иелері, тасымалдаушылар мен саудагерлерге де ортақ міндет саналады.
Рейд кезінде ветеринария саласындағы екі құқық бұзушылық анықталды. Жиналған материалдар тиісті уәкілетті органдарға жолданды.
Павлодар қалалық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің бастығы Асхат Мұқышевтің айтуынша, инспекторлар шаруа қожалықтарының иелерімен, малшылармен және қосалқы шаруашылық иелерімен профилактикалық әңгіме жүргізіп жатыр.
Түсіндіру кезінде малды қараусыз қалдырмау, тиісті есепке қою, тасымалдау құжатын рәсімдеу және күмәнді сауда туралы полицияға хабарлау қажеттігі ескертілді. Іс-шара заңсыз айналымның жолын кесіп, тұрғындардың мүлкі мен денсаулығын қорғауға бағытталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







