Қайтарылған активтерді басқару компаниясы жаңа аукцион туралы хабарлады. Осы жолы сатылымға эксклюзив сағаттар қойылды. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Сағаттар тек сыртқы көрінісімен емес, бағасымен де таңғалдырады. Бір-бір үйге татиды.
Атап айтқанда, Bovet Fleurier Grand Complications Amadeo Fleurier қалта сағаттары 28 830 399 теңгеге сатылып жатыр. Кепілдік жарнасы – 4 324 560 теңге. Сағаттар ақ алтын мен сапфир әйнегінен жасалған. Ол 50 дана шектеулі серияда шығарылған.

Тағы бір эксклюзив – Patek Philippe Nautilus қолсағаттары, олардың бастапқы бағасы — 31 281 600 теңге. Сағаттар ақ алтыннан жасалған, ал бауы қолтырауын терісінен тігілген. Кепілдік жарнасы – 4 692 240 теңге.

Осы фирманың тағы бір қолсағаты – Patek Philippe World Time Complicated Chronograph 23 035 093 теңгеге сатылмақ. Сағат корпусы 18 караттық ақ алтыннан, ал артқы қақпағы сапфир әйнегінен жасалған.
