Шерзаттың әкесінің үстінен қылмыстық іс қозғалды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«10 желтоқсанда азамат Қ. Нұрымов бұзақылық және көліктің қозғалысына кедергі жасау фактісі бойынша ұсталды. Ол қоғамдық орында және полиция қызметкерлеріне қарсы дөрекі сөз сөйледі, оларды пышақпен қорқытты, сонымен қатар басқа біреудің мүлкіне қасақана зақым келтірді, атап айтқанда, көлікті пышақпен сырып, дөңгелекті тесіп тастады. Іс-әрекетке тоқтамай, айналасындағыларға, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қауіп төндіре отырып, қоғамдық тәртіп пен айналасындағылардың тыныштығын бұзды. Бұзақылық фактісі бойынша сот оны 15 тәулікке әкімшілік қамауға алуды тағайындады», — деп жазылған Алматы облысы ПД хабарламасында.
Сонымен қатар, полиция бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру дерегі бойынша қылмыстық іс тіркеген.
«10 желтоқсанда Еңбекшіқазақ ауданының Азат ауылында орын алған құқыққа қарсы іс-қимыл нәтижесінде автокөлік иесіне материалдық залал келтірілгені анықталды, бұл әкімшілік жауапкершілік шегінен едәуір асып, іс-әрекеттің қылмыстық саралануына әкеп соғады.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау мақсатында жан-жақты, толық және объективті тергеу жүргізіліп жатыр», — деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, 9 желтоқсанда Алматы облысында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев өлі табылған еді. Полиция департаментінің алдын ала деректері бойынша, ол суицид жасаған. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Ал Нұрқанатты жерлеу рәсімінен соң Шерзаттың әкесі ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Кеше оған 15 тәулікке қамау туралы шешім шықты.